Түркістанда 70-тен аса пәтер ұрлаған ер адам қолға түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бұрын да істі болған

Фото ашық дереккөзден

Түркістан облысының полицейлері 70 жайт пәтер ұрлығын жасап, қамауда отырған ер адамның тағы бір ұрлыққа қатысы барын анықтады, деп хабарлайды Polisia.kz

Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Жәбірленуші әйелдің айтуынша, оның үйіне түнгі уақытта ұры түсіп, жатын бөлмесінде тұрған бағалы алтын бұйымдарын жымқырып кеткен. Жалпы, жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі 1,2 млн мың теңгеге жуық.

Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, пәтер ұрлығымен айналысқан белгісіз адамды іздеуге кірісті. Тәртіп сақшыларының тыңғылықты атқарған жұмысының нәтижесінде, күдіктінің жеке басы анықталды. Яғни, күдікті осы уақытқа дейін істі болған, 70 жайт пәтер ұрлығына қатысы бар шымкенттік ер адам болып шықты.

Сондай-ақ, ол қазіргі таңда ірі көлемде бірнеше сериялы ұрлық қылмысын жасағаны үшін Қазығұрт АПБ-да қамауда отыр. Ол жауап алу барысында жоғарыдағы жәбірленушінің үйіне ұрлыққа түскенін толығымен мойындаған.

Қазіргі таңда тергеу амалдары жүргізіліп, күдікті ер азаматтың бұдан бөлек басқа қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.