Ал G-Park компаниясы жеткіншекке Нұр-Сұлтан қаласынан 3 бөлмелі пәтер берді
Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов көп қабатты үйдің терезесінен құлағалы тұрған баланы құтқарып қалған елордалық мектеп түлегі Есдәулет Дәуітбековке білім грантын табыстады. Бұл туралы ведомствоның баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жоғары білім беру сапасымен танымал және әлеуметтік қолдау көрсетуде белсенді позицияны ұстанатын еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының бірі – Нархоз университетіне алғысымыз шексіз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Министр Есдәулетке көрсеткен қайсарлығы үшін алғысын білдіріп, өзінен кішілерге көмек беруге және оларды қорғауға дайын болуы еліміздің барлық оқушысы үшін үлгі-өнеге екенін атап өтті.
«Сізге көрсеткен қайсарлығыңыз бен батылдығыңыз үшін алғыс айтқым келеді. Сіз оқушының мектеп қабырғасынан қалай түлеп ұшуы керек екенін дәлелдедіңіз. Осындай асыл, батыр азаматты тәрбиелеген ата-анаңыз бен ұстаздарыңызға алғыс айтамын. Президент бүгін мектептердегі буллинг фактілеріне алаңдайтынын айтқан еді. Сіздің бүгінгі ерлігіңіз лайықты үлгі болады. Жоғары сынып оқушылары да сіз сияқты кішкентайларды қолдауға және қорғауға әрқашан дайын болады деп сенемін», - деді министр.
Сондай-ақ, кездесуге 17 жастағы батырдың анасы Әсемгүл Қабдықалықова да қатысты. Бұл отбасы алты бала тәрбиелеп отыр.
Тақырыпқа орай: Нұр-Сұлтанда жасөспірім жетінші қабаттан құлағалы тұрған сәбиді құтқарып қалды
Ал G-Park компаниясы жеткіншекке Нұр-Сұлтан қаласынан 3 бөлмелі пәтер берді.
«Бізді бүгін G-Park компаниясы шақырды. 3 бөлмелі пәтер берді. Ертеңнен бастап құжаттарды рәсімдейміз деді. Ал, біздің дәл қазіргі тұрып жатқан үйімізді ипотекаға алғанбыз», - деді Есдәулет Дәуітбеков.