Атышулы «РОП-тың» ақшасына ауыл шаруашылығына арналған техника алынады

Автор: Кенжекей Тоқтамұрат

 Үкімет отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев осындай тапсырма берді

Фото: ашық дереккөзден

«ӨКМ Операторы» ЖШС-ның қаражатына Қазақстандағы ауыл шаруашылығы техникаларының паркі жаңартылады. Бұл туралы бүгін Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Мемлекет басшысы ерекше атап өткендей, оның тапсырмасы бойынша Қазақстанда орта мерзімге арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы жоспар әзірленген.

«Бірақ нақты іс-шараның орнына бұл жоспарға тек жақсы ниет жазылған. Сондықтан жоспар орындалмай қалады деген қауіп бар. Ал ауыл шаруашылығы техникаларының паркін жаппай жаңарту туралы өзекті мәселені қосымша қарау керек. Техникалар паркін жаңарту үшін жан-жақты қаржыландыру көзін қарастыру қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы жауапты шенеуніктерге қаржы көзін қайдан алуға болатыны туралы кеңес те берді.

«РОП операторының есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникаларын жеңілдікпен несиелендіру тетігін енгізуді тапсырамын», - деді Қ. Тоқаев.