Жаңатас қаласында «Қазгидромет» мамандары тозығы жеткен ғимаратты паналап отыр

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл ғимарат былтыр апатты деп танылған

Фото ашық дереккөзден

Жамбыл облысы Жаңатас қаласында «Қазгидромет» мамандары әбден тозығы жеткен ғимаратты паналап отыр. Ал оның сыртындағы тақтайшада әлі күнге дейін «Қоршаған Ортаны Қорғау Министрлігі» деген  жазу тұр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана арнасына сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатқан видеоға қатысты «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова жауап берді.

Оның  айтуынша,  ғимарат жөндеуге келмейді. Былтыр апатты деп танылған.  Ал, маңдайшаны ауыстыру станция көшірілген кезде реттеледі дейді.

«Комиссиялық тексеру нәтижелері бойынша 2022 жылы ақпанда оны жаңа орынға ауыстыру туралы шешім қабылданды, себебі қазіргі орналасқан жері басқару құжаттарының талаптарына сәйкес келмейді және ғимаратқа жөндеу жүргізу мүмкін емес. Жаңа блок-модуль көшіру үшін дайын, орналасу орнын растау күтілуде», - дейді «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы Алина Исмағұлова.

Қазгидромет мамандарының айтуынша, жергілікті билік метеорологиялық станцияның қызметтік кеңсесі үшін жер телімін әне береміз, міне береміз деп созып келе жатқан көрінеді.  Ал  Жаңатас қаласының әкімі  мұндай проблема жоқ, жер берілді дейді.

«Ағымдағы жылы Жаңатас қаласы аумағында орналасқан «Қазгидромет» мекемесінің атынан жер бөліп беру туралы өтініші түскен. Аталған өтінішке сәйкес қала аумағынан «Қазгидромет» мекемесіне 4 жер ұсынылды. Сол мекеменің таңдаған жері қазіргі таңда берілді», - деді Жаңатас қаласының әкімі Дүйсенәлі Борсықов.