Апатқа байланысты «Қазфосфатқа» кезектен тыс тексеру жүргізілді – министрлік
Таразда зауыттағы апат салдарынан ауаға газ тараған
11 шілдеде сағат 20:00-де Тараз қаласындағы «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар» ЖШС Жамбыл филиалы күкірт қышқылы цехында апат болған болатын. Осыған байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі қосымша ақпарат жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Зауыт таратқан ақпаратқа сүйенсек, абсорбердің моногидратты сорғысы істен шыққан. Соның салдарынан газ (күкірт триоксиді) тараған.
«Болған апат туралы жедел ақпарат алған Жамбыл облысы бойынша экология департаментінің басшылығы мен зертханалық талдау бөлімінің басшысы Тараз қаласының прокуратурасымен бірлесіп, сағат 21:20-да Сүлейманов көшесіндегі зауыттың санитарлық-қорғау аймағын өлшеп, фторлы сутегінің едәуір артқаны анықталған (хаттамалардың нәтижесі қоса беріледі). Аммиак, күкіртсутек және көміртегі оксиді бойынша асып кету анықталған жоқ», - делінген министрлік ақпаратында.
Сондай-ақ сағат 22:05-те Шайқорық кентінің маңындағы зауыттағы ластаушы заттар тексеріліп, бәрінің қалыпты нормада екенін анықталды.
«Қазгидромет» РМК Жамбыл филиалының ақпараты бойынша қалада ауаның ластануы қалқыма бөлшектер бойынша 1 шекті концентрациясынан аспайтын деңгейде екені байқалған.
«Зертханалық құралдармен қайта жарақтанып, Polar газ анализаторын алған департамент қызметкерлері, сонынан прокуратура органдарында тіркелетін күкірт қышқылы цехының ластаушы заттарына өлшеу жүргізу үшін ҚР Кәсіпкерлік кодексінің негізінде «Қазфосфат» минералды тыңайтқыштар ЖШС-на жоспардан тыс тексеру жасады. Алайда өлшеу кезінде цех жұмысынан ластаушы заттардың мөлшерен тыс асып кету дерегі анықталған жоқ», - делінген хабарламада.
Тақырыпқа орай: «Қазфосфат» зауытынан шыққан қою түтін Таразды басып қалды
Ведомство жоспардан тыс тексеріс барысында болған жағдайдың мән-жайын және себептерін анықтау үшін камеральдық бақылау жүргізілетінін айтты. Жоспардан тыс тексеру нәтижелері туралы ақпарат ол тіркелгеннен кейін қосымша жіберілмек.
Қазіргі таңда департамент мен «Қазгидромет» мамандары бірлесіп атмосфералық ауаның жай-күйімен сапасына мониторинг жүргізіп жатыр.
Осы оқиғаға байланысты облыс әкімінің тапсырмасы бойынша экология департаментінің өкілдері құрамына кіретін жұмыс тобы құрылды.