Маңғыстауда жыл басынан бері 6 мыңнан астам адам заңсыз қоқыс төккені үшін жазаланды

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға 24 млн 925 мың теңге айыппұл салынған

Фото ашық дереккөзден

Маңғыстауда жыл басынан бері далаға заңсыз қоқыс төккен 6 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы облыстық ПД Жергілікті полиция басқармасы мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Табиғат қорғау полициясы оларға 24 млн 925 мың теңге айыппұл салған. Биыл ғарыштық мониторинг аясында өңірде 89 стихиялық қоқыс орны анықталған болатын. Полицияның мәліметінше, теңіз жағалауын ластау және қала сыртына тұрмыстық қалдықтарды тастау фактілері жиі тіркеледі. Сондықтан бақылау күшейтілген. Экология департаменті коммуналдық мекемелермен бірлесіп 20-ға жуық рейд өткізген.

«Құрылыс қалдықтарын төгіп кету, әдейі ластау осы фактілер бойынша  Әкімшілік құқық бұзушылық кодекстің 505-бабы, 434-баптың 2-тармағы бойынша айыппұл салынып жатыр. Айыппұл қалтаға түскеннен кейін ауырлық танытады, өндіруі тағы бар. Бүгінгі таңда 50 пайызы өндіріліп тұр», - деді облыстық ПД Жергілікті полиция басқармасы бастығының міндетін атқарушы Білімғали Сұлтанов.