Жергілікті тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр
Жітіқара қаласының аумағындағы өндірістік улы қалдықтар көмбесі экологиялық апатқа ұшыратуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Хабар 24 арнасына сілтеме жасап.
Өйткені жабынды топырақ қабаты жұқарып, әр жерінен жарық пайда болған. Жергілікті тұрғындар осылай деп дабыл қағып отыр. Улы заттардың ауа мен суға тарамасына ешкім кепілдік бере алмайды. Бюджеттен ақша бөлінгенімен, көмбе маңын кешенді зерттеу жұмыстары әлі басталған жоқ.
Жітіқара қаласының ескі бөлігіндегі аумақта өткен ғасырдың 60 жылдары алтын өндірілген. Сол өндіріске қолданылған мышяк, сынап сияқты улы заттар осы жерге көміліп, беті топырақ, сазбен жамылған. Бүгінде осы көмбе су, желмен шайылып, шөге бастағандығын байқаймыз. Тіпті мынандай жыралар пайда болған. Жергілікті тұрғындар улы элементтер жер асты суын, өзен суын бүлдіре ме деп алаңдап отыр. Жітіқара тұрғындарынан құралған бастамашыл топ екі жылдан бері осы мәселені жер-жерде көтеріп жүр.
«Сынап жинала береді ғой. Ол ағзадағы канцероген деп саналады. Адамға бірден әсер етпеуі мүмкін. Уақыт өте буын дерті, қатерлі ісік сияқты түрлі ауруға алып келеді. Бұл өте күрделі мәселе. Егер көмбенің қорғаныс қабаты ашық қалса, улы заттар желмен бүкіл қалаға жайылады», - дейді бастамашыл топ мүшесі, эколог Виктор Безвугляк.
Жергілікті түрғындардың алаңдауына негіз жоқ емес. Сол маңда алтын қоры бар екендігі анықталып, тіпті қазба жұмыстарына рұқсат берілген. Тек халықтың қарсылығынан кейін ғана, уақытша тоқтатылған. Аудандық әкімдік те жан-жақты экологиялық зерттеу жүргізуді сұрап, тиісті органдарға бірнеше рет хат жолдапты.
«Осы мәселенің анық-қанығын зерттеу мақсатында былтырғы жылы облыстық бюджеттен 8,5 миллион теңге қаржы бөлінген-тұғын. Қаншалықты жаңағы жарықшақтардың зияны барлығын. Бірақ мемлекеттік сатып алу орындалмай қалды. Қаржының аздығы себеп болды. Соған байланысты биылғы жылға 21,6 миллион теңге облыстық бюджеттен қаражат бөлінді», - дейді Жітіқара ауданының әкімі Нұржан Өтегенов.
Бірақ мамыр айына белгіленген мемлекеттік сатып алу байқауы тағы өтпей қалды. Өндірістік қалдық көмбесіне мониторинг жүргізуге ешкім құлық таныта қоймаған. Байқауға бір ғана қатысушы шыққан.
« Қайтара байқау жариялаймыз. Көмбе маңын зерттеу жұмыстары жыл бойы жүргізілуі керек. Міндетті түрде маусым сайын қыста, көктемде, жазда және күзде. Сондықтан мониторинг нәтижесі 2023 жылдың соңына қарай белгілі болады деп ойлаймын», - дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Светлана Арсентьева.
Экологтар Жітіқараның суы мен ауасын жылына төрт рет тексереді екен. Суда хлорид, сульфат, ауыр металдардың артықшылығы бар. Ал ауа құрамы қалыпты деп отыр. Бірақ жағдайды терең тексеруге зертханалық мүмкіндіктері жоқтығын мойындайды.
«Техногендік минералдық қалдықтардың көмілгеніне көп уақыт өтті ғой. Саркофаг су желмен бұзыла бастаған. Сондықтан қоршаған ортаға қандай да бір әсері жайлы айту қиын. Тосын жағдайға тап болмас үшін терең зерттеу жұмыстарын жүргізуі қажет», - дейді Қостанай облыстық экология департаментінің бөлім басшысы Айгүл Әбілтаева.
Ал енді тұрғын үйлерге таяу тұрған улы заттар көмбесін басқа жерге көшіре ме, әлде қайта көме ме, ол жағы зерттеу нәтижесінен кейін белгілі болады.