Маңғыстауда 16 мектеп мемлекеттік аттестациялаудан өтпей қалған

Автор: Azattyq Rýhy

Оларға кемшіліктерді жою үшін уақыт берілді

Фото ашық дереккөзден

Маңғыстауда білім ұйымдарына жүргізілген мемлекеттік аттестациялаудан 16 мектеп өтпей қалды. Бұл туралы облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, білім беру мекемелерінде оқу жоспарының орындалмауы, педагогтардың жүктеме нормаларының бұзылуы, мұғалімдер біліктілігінің төмендігі анықталған. Ақтау, Жаңаөзен қаласы, Маңғыстау, Мұнайлы, Қарақия, Бейнеу аудандарында 21 мектеп, 31 балабақша, 1 колледжге тексеру жүргізілген. 11 балабақша жарамсыз болған. 21 мектептің 16-сы талаптарға сәйкес емес. Бірінші аттестаттаудан өтпегендерге кемшіліктерді жою үшін уақыт берілді.

 «Оқу жоспарының орындалуы, балалардың білім деңгейіне қойылатын талаптар бойынша қаралады. 4, 9, 11-сыныптардан бақылау тестісі алынады. Ең бірінші тестілеу мезгілінде осындай балалардың шектік деңгейден өтпей қалғандары болды. Екінші, оқу жоспарының орындалмай қалуына байланысты, материалдық-техникалық базасына байланысты кемшіліктер болды», - дейді Маңғыстау облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Есболат Өмірзақ.