Жыл басынан бері жолаушылардан мыңнан астам өтініш пен шағым түскен
Жолаушылар пойызында көрсетілетін қызмет сапасын арттыру мақсатында арнайы тексеріс жүргізілуде. 2022 жылдың қыркүйек айына дейін жалғасатын шараны ҚР ИИДМ Көлік комитеті, ҚР ІІМ Көліктегі полиция департаменті мен ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агентігі бірлесіп ұйымдастыруда, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Пойыздардың техникалық жай-күйімен қатар тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікке де жіті назар аударылып отыр. Осыған орай ағымдағы жылдың алғашқы бес айында темір жол саласындағы 220 кәсіпорынға тексеру жүргізілген. Тексеріс нәтижесінде 4 091 бұзушылық анықталып, жылжымалы құрамның 47 бірлігін пайдалану тоқтатылды», - деп көрсетті ҚР ИИДМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ аумақтық көліктік бақылау органдарымен 200 жолаушылар пойызы тексеріліп, жолаушыларды тасымалдау қағидаларының талаптарын бұзуға қатысты 431 кемшілік анықталған. Билетсіз жолаушыларды тасымалдауға қатысты 33 оқиғаның жолы кесіліп, 31 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілген.
Қазіргі таңда жолаушылармен кері байланыс орнату және тасымалдау кезіндегі сапаны арттыру мақсатында ҚР ИИДМ Көлік комитеті Ахуалдық орталығының базасында тәулік бойы +7 708 088 08 00 нөмірі бойынша желі жұмыс істейді.