Кезек күтпеу үшін туроператорлар шекара қызметіне тиісті ақпаратты алдын ала хабарлайды
Қазақстан мен Ресей Федерациясы шекарасындағы «Жаңа жол» және «Қарақоға» өткізу пунктерінде туристер мінген автобустар бірінші кезексіз өтетін болады. Бұл туралы Azattyq Ruhy «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұйымдастырылған туристік топтарды жедел өткізу туралы уағдаластыққа екі елдің туроператорлары мен қауымдастықтар өкілдерінің «Жаңа жол» және «Қарақоға» өткізу пунктерінде кездесуі барысында қол жеткізілді. Бұған дейін туристер мінген автобустар жалпы кезекте жүретін.
«Отандық туроператорлардың көбі Ресейден келетін туристермен жұмыс істейді. Бүгіннен бастап шекара қызметінің қолдауымен ұйымдастырылған туристер тобы автобуспен бар-жоғы 40 минутта бақылаудан өте алады. Бұл шара Қазақстандағы демалысты жайлы етеді», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Туризм департаментінің сарапшысы Серік Қасенов.
Сонымен қатар кездесуде қоқыс шығару, дәретханалар мен жолдар сапасы, атап айтқанда шекараға жақындағандағы 20 шақырым жерді жөндеу мәселесі көтерілді.