Жол құрылысында битумды қолданудың тың әдісі ұсынылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ғалымдар нанокөміртек ұнтағы қосылған асфальтбетон жабынының сақталуы мен беріктік қуаты жоғары екенін анықтаған

фото: remontik.org

Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты екі жыл қатарынан асфальтбетон төсеміне көміртекті нано ұнтақты қосу бойынша арнайы зерттеу жұмысын жүргізуде. Тәжірибе қорытындысы жол сапасын жақсартуға айтарлықтай ықпал еткенін көрсетті. Бұл туралы Azattyq Ruhy ҚР ИИДМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Жол саласы ғалымдарының зерттеулеріне арналған еліміздің оңтүстік және солтүстік аймағында екі тәжірибелік алаң құрылды. Алматыдағы Төле би көшесіндегі сынақ алаңының ұзындығы 101 метрді құрайды. Аталған аумаққа көміртекті нано ұнтақ қосылған модифицирленген 152,5 тонна асфальтбетон 2021 жылдың қазан айында «Асфальтбетон-1» ЖШС зауытында шығарылды. Ал екінші тәжірибелік алаң елордада орналасқан. Атап айтқанда, бас шаһардың 59-көшесіндегі арнайы 100 метр аумаққа сапасы жоғарылатылған асфальтбетон төселді. 110 тонна тәжірибелік қоспаны «Астана ДорСтройНС» ЖШС өндірген.

«Биылғы жылдың сәуір айында ғылыми-зерттеу институтының мамандары тәжірибелік алаңдарға арнайы талдау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде нанокөміртек ұнтағы қосылған асфальтбетон жабынының сақталуы мен беріктік қуаты жоғары екені анықталды. Сондай-ақ жол төсемінің қасиеті мен суға төзімділігі қойылатын талаптарға толық сәйкес келетіндігі айқындалды», - делінген хабарламада.

Талдау қорытындысына орай алынған нәтижелер бойынша ҚазжолҒЗИ «Жол құрылысында көміртекті наномодифицирленген битумды қолдану бойынша ұсыным» атты жобаның алғашқы редакциясын даярлады.