Ақмола облысының тұрғыны авиабилет алу кезінде алаяққа тап болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Instagram әлеуметтік желісіндегі танымал қосымшаны пайдаланған

Ақмола облысының тұрғыны интернет - қосымша арқылы авиабилет сатып алу кезінде алаяқтыққа тап болды. Бұл туралы облыстық полиция департаменті хабарлады.

4 шілдеде аудандық полиция бөліміне алаяқтық туралы өтінішпен Ерейментау қаласының 23 жастағы тұрғыны жүгінді. Жас қыздың айтуынша, 28 маусымда ол «Нұр-сұлтан – Алматы» бағыты бойынша ұшақ билетін сатып алу үшін Instagram әлеуметтік желісіндегі танымал қосымшаны пайдаланған. Онда билеттер жеңілдікпен сатылады делінген екен.

Азаматша хабарламада көрсетілген нөмірге қоңырау шалған, артынша алаяқ менеджер өтініш берушінің телефонына билет құнын төлету үшін шот нөмірін жіберген. Жас қыз көрсетілген соманы, яғни 44 000 теңгеден астам төлемді аударған. Сонымен қатар, онлайн-касса менеджері сұраныстың көп болуына байланысты билеттің кейінірек жіберілетінін ескерткен. Осылайша ақмолалық тұрғын билетін бір апта бойына күткен. Алайда, хабарласқан менеджердің телефон сол күйі сөндірулі болған.

«Қазіргі уақытта аталған факті бойынша полицейлер ҚР ҚК – нің 190-бабы 2-бөлігі (алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады, полицейлер желілік алаяқтарды анықтауға бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларының кешенін жүргізуде. Сонымен қатар, полицейлер азаматтардан қырағы болуды сұрайды», - делінген хабарламада.