Аталған іс ДСМ Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы қызметкерлерінің рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
2017 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде тергеу-жедел тобы қылмыстық істі тергеуге алды. Алайда ол кейіннен қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. 2019 жылдың 6 шілдесінде аталған іс бойынша күдікті Л.Ю. Пак қайтыс болды.
Осылайша 2020 жылдың 7 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Лариса Пак әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты толық ақталғанын хабарлады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының құқықтық мұрагері ретінде Лариса Юн-Бойевна Пактың туыстарына қайғырып көңіл айтады және келтірілген зиян үшін ресми кешірім сұрайды. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.