ҰҚК арнайы операциясы: Қылмыстық топтың 14 басшысы мен мүшелері ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Олардан қару-жарақ арсеналы мен қомақты қаржы тәркіленді

видеодан скрин

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шымкент және Тараз қалаларында арнайы операция өткізіп, қылмыстық топ басшылары мен мүшелерін қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«2022 жылғы 30 маусымда ҰҚК Ішкі істер министрлігімен бірге бірмезгілде Тараз және Шымкент қалаларында "А" және "Бүркіт" арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің жұмылдырылуымен еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі криминогендік жағдайға теріс әсер етіп келген қоғам үшін қауіпті болып табылатын ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операцияны жүзеге асырды», - деп көрсетті ҚР ҰҚК баспасөз қызметі.

Бұл мақсатта алдын-ала жедел-іздестіру және арнайы іс-шаралардың толық кешені мұқият жүргізілді.

«Нәтижесінде қылмыстық топ мүшелерінің тауарлы-материалдық құндылықтарды аса ірі мөлшерде ұрлауға және кәсіпкерлерден ақша қаражатын бопсалауға қатысы бар екендігі туралы дәлелдер жиналды. Арнайы операцияның нәтижесінде қылмыстық топтың 14 көшбасшысы мен белсенді қатысушылары ұсталды», - делінген хабарламада.

Процессуалдық іс-шаралар барысында қару-жарақ арсеналы, қомақты ақша сомасы, сондай-ақ тергеу үшін қызығушылық тудыратын құжаттық материалдар табылып, тәркіленді.

Сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде және ұсталғандардың басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде.