Премьер-министрдің орынбасары Астана күні алдағы уақытта да тойлана беретінін айтты
ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов елорданың бұрынғы атын қандай жағдайда қайтаруға болатыны туралы тілшілер сұрағына жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Мен қазірше бұған еш себеп көріп тұрғаным жоқ. Қайталап айтамын, әзірге ешқандай негіз жоқ», — деді Ералы Тоғжанов.
Ол сондай-ақ елорданың атын өзгерту үшін азаматтар не істеуі керек деген сауалға жауап берді.
«Бұл еліміздің азаматтарының құқығы», - деді Е. Тоғжанов.
Премьер-министрдің орынбасары Нұр-Сұлтан қаласының туған күні жыл сайын қалай аталып өтсе, алдағы уақытта да солай тойлана беретінін айтты.
«Бізде көптеген шара жоспарланып отырғанын білесіздер. Олар іс жүзінде, 1 шілдеден бастап өткізіліп жатыр. Мәселен, Домбыра күнін алайық. 1 шілде мен 8 шілде аралығындағы барлық іс-шара Астана күні аясында өтеді. Біз бір адамның (Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың – ред. ескерт.) туған күнін тойлап жатқанымыз жоқ, Астана күнін тойлап жатырмыз», – деп түйіндеді ол.