Ауылды жерлерде 2,8 мыңға жуық адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр
Биыл болжам бойынша 15 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Бұл 138 мың отбасының баспана жағдайын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгінгі Үкімет отырысында айтылды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жыл басынан бері 5 айда 4,7 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 39 мың отбасы баспаналы болды. Өз кезегінде Үкімет Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша тұрғын үй саясатының жаңа тәсілдерін әзірлегенін мәлімдеді.
«Енді баспана кезегінде тұрғандар үшін тұрғын үйді бөлу «бір терезе» қағидаты бойынша бір орталықтан, ашық түрде жүргізілетін болады. Оның негізгі операторы – Отбасы банкі. Сонымен қатар, азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа механизмдері әзірленді. Онда арендалық төлемді субсидиялау және ауылды жерлерде тұрғын үй салу сияқты қолдау шаралары бар», - деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Белгілі болғандай, биыл жаңа механизмдер есебінен 70 мың азаматқа үйді жалға алу үшін субсидия беру және ауылды жерлерде 2,8 мыңға жуық адамды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық саланы цифрландыру бойынша ауқымды жұмыс жүргізілуде. Мәселен «Е-Құрылыс» және «Е-Шаңырақ» ақпараттық жүйелері, сондай-ақ Қала құрылысы кадастрының порталы арқылы тұрғын үйді пайдалануға беру жөніндегі деректердің бірыңғай есебі енгізілуде.
Бұдан бөлек Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бірқатар тапсырмалар жүктеді.
«Индустрия министрлігі тұрғын үй саясатындағы жаңа тәсілдер бойынша заң жобасының барлық ережелерін Парламент палаталарымен сапалы әрі жедел пысықтауды қамтамасыз етсін. Баспанаға мұқтаж адамдарды тұрғын үймен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Сондықтан Индустрия министрлігі мен барлық өңір әкімдері тұрғын үй және инженерлік инфрақұрылымның жоспарланған көлемін уақытылы іске қосу үшін түбегейлі шаралар қабылдауы керек», - деді Үкімет басшысы.