Қазақстан «сары» аймаққа өтсе, қандай шектеулер қайта енгізілуі мүмкін

Автор: Azattyq Rýhy

Өткен аптамен салыстырғанда елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 2,9 есеге өсті

Фото: bbc.com

1 шілдеде Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың төрағалығымен ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Комиссия жұмысына орталық мемлекеттік органдардың өкілдері, облыс әкімдері және «Атамекен» ҰКП қызметкерлері қатысты.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз сөзінде елімізде маусым айының ортасынан бастап коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың артқанын атап өтті. Өткен аптамен салыстырғанда аурушаңдық 2,9 есе өсті және науқастардың 80%-ына жуығы індетке қарсы екпе алмаған және соңғы вакцина алғанынан 6 ай өткен адамдар үлесінде.

Елдегі COVID-19 аурушаңдық көрсеткіштерінің артуын ескере отырып, ҚР аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия өңірлер эпидемиологиялық қауіп-қатердің сары аймағына көшкен жағдайда қосымша шаралар қабылдау туралы шешім қабылдады:

- науқаспен тығыз қарым-қатынаста болғандарды қашықтан жұмыс істеу форматына көшіру;

- COVID-19-ға қарсы екпе салдыруға болмайтын қызметкерлер мен жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыру;

- жабық жерлер мен қоғамдық көлікте міндетті түрде маска тағу;

- 10-нан астам адам қатысатын жиналыстарды онлайн форматта өткізуді ұсыну.

Сондай-ақ аймақтың эпидемиологиялық ахуалына қарамастан, әуеде, ТЖ көліктері мен халықаралық автобустарда маска тағу ұсынылады.

Отырыс соңында Е. Тоғжанов облыс әкімдеріне коронавирус инфекциясына қарсы егу науқанын күшейтуді, сырқаттанғандар көбейген жағдайда кадрлармен, дәрі-дәрмек қоры және төсек орындарымен қамтамасыз етуді ерекше бақылауға алуды тапсырды. Сондай-ақ халық арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын күшейту қажеттігін ескертті.