Сот монополисті халықтан алынған төлемді қайтаруға міндеттеді
СҚО-да энергия тасымалына кететін шығындарды халық есебінен өтеп келген «Севказэнергосбыт» компаниясы тұтынушыларға қарыз болып қалды. Сот монополисті жылу энергиясының шығыны үшін халықтан алынған төлемді қайтаруға міндеттеді, деп хабарлайды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.
Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің облыс бойынша департаментіне тұрғындардан «Севказэнергосбыт» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қатысты коммуналдық төлемдерді есептеу тәртібінің заңға сай еместігін жөнінде бірнеше рет шағым түскен болатын. Компания былтыр қарашадан бастап теңгерімдік тиесілік шекарасында орналасқан есептегіш құралдары бар Петропавл азаматтарынан жылу ысыраптары үшін төлем алып келген. Департамент өз тарапынан тұтынушылардың құқықтарын қорғау мақсатында облыстың Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арыз берді. Арызда тарифтік ведомство жылу энергиясы ысырабының есебін жарамсыз деп тануды, есептеулер жүргізуді тоқтатуды және 2020-2021 жылдары Петропавл халқына қайта есептеу жүргізу талап етілді.
Сот «Севказэнергосбыт» ЖШС-нің тұтынушыларға жылу шығындары үшін есеп жүргізу әрекеттерін заңсыз деп танып, компанияға 2020-2021 жылдар кезеңінде жылу шығындары үшін есептелген соманы қайтаруды, есептеу жұмыстарын тоқтатуды міндеттеді. Бұл шешімнен кейін табиғи монополиялар субъектілері апелляциялық шағымдар берді.
2022 жылғы 29 маусымда облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасы бірінші сатыдағы соттың шешімін өзгеріссіз, апелляциялық шағымды қанағаттандырусыз қалдырды. Осылайша тұтынушы мен коммуналдық компания арасында көптен бері жалғасып келе жатқан даулы мәселеге нүкте қойылды.