Қалалық әкімдік өкілдері бұл заңбұзушылықтарды мойындады, бірақ, ақшаның қашан төленетіні жайында жауап бере алмай отыр
Петропавл әкімдігінің қарамағындағы «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бизнес субъектілеріне 500 миллион теңге берешек. Бұл проблема бірнеше ай бойы шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жеке кәсіпкер Александр Ушаков осыдан бір жарым жыл бұрын жергілікті әкімдікке қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен қаланы абаттандыру бойынша келісім шарт жасасқан. Алайда олар әлі күнге дейін толық сомманы төлемеген. Александр Сергеевич осы мәселе бойынша сотқа да жүгінген. Әзірге нәтиже жоқ.
«Шарт бойынша жалпы сомма 43 миллион теңге. Олар тек 27 миллионын ғана жапты. Сот отырысында мен жәбірленуші деп танылдым. Сот «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қалған сомманы төлеуді міндеттеді. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Сот орындаушысы да бұл сомманы өндіре алмайды. Себебі, барлық шоттар бос болып шықты. Енді не істерімді білмеймін», - дейді Александр Ушаков.
Белгілі болғандай, Петропавл әкімдігіне қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бизнес субъектілері алдындағы қарызы 500 миллион теңгеден асқан. Бүгінде оларға қатысты 18 атқарушылық іс қозғалған.
«2019 жылы «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды. Бірақ, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мұндай кәсіпорынмен тағы да келісім-шартқа отырған. Бұған оларға кім рұқсат берген? Бұның бәрін кім бақылаған? Прокуратура өкілдері қайда қарап отыр? Енді осы бассыздықтың кесірінен қаншама бизнес субъектілері зардап шегіп отыр», - дейді заңгер Олег Хрупин.
Қалалық әкімдік өкілдері бұл заңбұзушылықтарды мойындады. Тіпті, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ, ақшаның қашан төленетіні жайында тиісті жауап бере алмады.
ЖЫЛДАП ҚАРЫЗЫН ҚАЙТАРА АЛМАЙ ЖҮРГЕНДЕР БАР
Әкімдіктен қарызын ала алмай жүргендердің бірі Амбарцум Искандарян. Ол өткен қыс мезілінде коммуналдық қызмет көрсетіп, көшелерді қардан тазалаған. Бірақ жұмыс ақысын толық ала алмаған. Содан бері 81 млн теңгесін даулап жүр.
«Бірнеше несие алғанмын. Қарыз өтелмеді. Салық бойынша да берешек бар. Қалалық прокуратураға шағымдандым. Әзірге нәтиже жоқ. Тиісті құжаттар, орындалған жұмыс актісі бар. Әкімдік оның бәріне мөр басып, қол қойған. Енді мен көрсеткен қызметтің ақысын азайтпақ. Бір жылға жуықтап қалды, өз ақшамды ала алмай жүргеніме. Мекемедегі қаншама адамды қысқарттық. Тапсырыс берушіге шағым хат жаздық. Олар «иә, біз сіздерге қарызбыз, бірақ қазір төлей алмаймыз, күте тұрыңыздар», - деп жауап берді. Содан кейін түрлі сылтаулар басталды. Қазір жұмыссыз отырмыз. Жағдайымыз мүшкіл. Қалалық әкімдікпен байланысу қауіпті екен, соны ұқтым», - дейді Амбарцум Искандарян.
Қарызын ала алмай құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып жүргендердің тағы бірі Бағылан Бұғасов. Ол да қар тазалап, жол төсеген. Қоластындағы жұмысшылар қызметінен кеткен. Техникасының барлығы қаңтарылып тұр.
«Әкімдікпен жұмыс істеу өте қиын. Бюджеттен бөлінген ақшаны ала алмай отырмын. Бәрін «Коммунхозға» сілтейді. Сондағысы ол компания ТҰКШ бөлімінің қарамағында. Бұл – алдын-ала жоспарланып жасалған әрекетке ұқсайды. Ақшаның қайда кеткені белгісіз», - дейді ол.
«Аталған атқару өндірісі бойынша «Коммунхоздың» банктегі есепшоттарына шектеу қойылды. Аталған компания ешқандай қаржылық операцияларды жүзеге асыра алмайды », - дейді облыстық әділет департаментінің басшысы Айдос Тоғызбаев.
«КОММУНХОЗ» 27 КӘСІПОРЫНҒА ҚАРЫЗ
Кәсіпкерлер атап өткендей, «Коммунхоз» есеп айырыспаған 27 компания бар.
«Әкімдік осыншалықты үлкен көлемдегі жұмысқа тапсырыс берген жоқ. Сондықтан төлемді жасаймыз деп айта алмаймын. Оған ешқандайзаңды негіз жоқ. ҚОсымша келісім шарт жасалған жоқ. Бүгінгі күні «Коммунхоздың» оны төлейтін мүмкіндігі де жоқ. Сіздердің алдарыңызда «бұл проблеманы шешеміз» деп жалған уәде бере елмаймын. Келесі қадам «Коммунхоздың» «банкрот» деп жариялануы болатын шығар», - дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Жанболат Батырбеков.
Заңгерлердің айтуынша мемлекеттік сатып алуды өткізу схемасының өзі күмән туғызады. «Коммунхоз» мекемесі шын мәнінде тапсырыс беруші яғни әкімдік пен жұмысты тікелей орындайтындар арасында делдал қызметін атқарып отыр.
«Жалпы айта кетейін, мемлекеттік сатып алуларды өткізуге қатысты сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар. «Коммунхоздың» бойынша біз де мәселе көтердік. Шын мәнінде, аталған ұйым бар. Бірақ жалғыз басшы тіркелген. Қарамағында жұмысшылар да, тиісті жабдықтар да жоқ. Егер жұмыс істейтін ешкім болмаса, онда осы кәсіпкерлермен кім жұмыс істеді? Осындай заңды сұрақ туындайды. Сондықтан облыс басшылығының тапсырмасы бойынша ТҮКШ сияқты бөлімде тексеріс жүргізіледі. Тіпті оны басқа бөлімге қосу мәселесі қарастырылады», - дейді СҚО бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет басшысының бірінші орынбасары Нұрлан Жахин.