Авиакомпания кінәсінен рейс кешіккен жағдайда қандай шара қолданылады?

Автор: Еркежан Айтказина

Бұл сұраққа ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары жауап берді 

Фото: ашық дереккөзден

Ұшақта техникалық ақау пайда болып, я болмаса ауа-райының қолайсыздығына байланысты рейс кешігетін болса, авиакомпания жолаушыларға қандай қызмет көрсетуі тиіс. Бұл туралы ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Томпиева мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

«Авиакомпанияның кінәсінен рейс кідірген жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тасымалдаушы кідіріс ұзақтығына байланысты тегін негізде: екі телефон қоңырауын шалу, салқын сусындар, ыстық тамақ, қонақ үйде тұру, сондай-ақ қонақ үйге дейін және әуежайға кері қайту көлігін ұсыну тиіс. Сонымен қатар, кешіккен әр сағаты үшін тасымалдаушы билет құнының 3% мөлшерінде айыппұл төлейді», - дейді  Салтанат Томпиева.

Оның айтуынша, жоғарыда көрсетілген талаптар орындалмаған кезде авиакомпания 200-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілікке тартылады.