«Кселл» мен «Мобайл Телеком-Сервис» байланыс операторларына қатысты тергеу басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің анықталуына байланысты тергеп-тексеру басталды

Фото ашық дереккөзден

2022 жылғы 17 маусымда Алматы қаласы бойынша монополияға қарсы департамент «Кселл» АҚ мен «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға қатысты монополиялық жоғары бағаларды белгілеу бөлігінде тергеп-тексерулерді бастады. Бұл туралы Azattyq Ruhy Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

«Кселл» АҚ-ға қатысты: Азаматтардың ұялы байланыс операторларының бағасының өсуіне жиі жүгінулеріне байланысты Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2020-2021 жылдары ұялы байланыс және мобильді интернет қызметтерінің тарифтерін талдады. Құрамына «Кселл» АҚ және «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС кіретін «Қазақтелеком» АҚ тобының (35%-дан астам) үстем жағдайы анықталды.

«Кселл» АҚ талдау кезеңінде ұялы байланыс (орта есеппен 756 теңге) және мобильді интернет (орта есеппен 1765 теңге) қызметтеріне ең жоғары баға белгіледі. Мысалы, бірқатар операторларда ұялы байланыс қызметтеріне ең төменгі баға орта есеппен 332 теңгені, мобильді интернет қызметтеріне – орта есеппен 1022 теңгені құрады.

Монополияға қарсы заңнаманы бұзу белгілерінің анықталуына байланысты, ұялы байланыс және интернет қызметтеріне монополиялық жоғары бағаларды белгілеу белгілері бойынша «Кселл» АҚ-ға қатысты тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.

«Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ға қатысты: 2020-2021 жылдары SMS-тарату қызметтері нарығындағы баға мониторингінің қорытындысы бойынша Агенттік басқа байланыс операторларымен салыстырғанда «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-ның бағаларды өсіргенін анықтады.

«Байланыс операторлары 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда SMS-тарату тарифтерін орта есеппен 14,03%-ға арттырған. Бұл ретте, ең жоғары орташа баға «Қазақтелеком» АҚ тобына кіретін «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС-да және «КаР-Тел» ЖШС-мен салыстырғанда «Кселл» АҚ операторларында тіркелді. Бағаның ең жоғары өсу қарқыны «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС мен «Кселл» АҚ-да тіркелді.

SMS-тарату қызметіне монополиялық жоғары баға белгілеу белгілері бойынша «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС қатысты тергеп-тексеру басталды», - деп жазды ведомство.