Мемлекет басшысы БАҚ қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады

Коллаж: kazaknews.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қасым-Жомарт Тоқаев ақпарат саласында жұмыс істеу – үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік деп атап өтті. Оның айтуынша, отандық баспасөз еліміздің тұтастығы мен татулығын нығайту жолында елеулі рөл атқарады.

«Сөз өнерін қасиет тұтып, абырой биігінен көрініп жүрген кәсіби журналистеріміз аз емес. Олар еселі еңбегімен оқырманның, көрерменнің алғысына бөленуде. Бұл – ел игілігі жолындағы адал әрі қажырлы еңбектеріңізге берілген баға. Бүгінде әлеуметтік желілерде, интернетте жалған ақпарат көбейіп кеткенін көріп отырмыз. Осындай күрделі жағдайда сіздердің шынайы әрі сыни көзқарастарыңыз түрлі келеңсіздікке тосқауыл болар еді. Қазір қоғамдағы басымдықтар өзгеріп жатыр. Кәсіби журналистер қызметінің маңызы арта түсті», - деді Мемлекет басшысы өз құттықтауында.

Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында жаңа, әділетті Қазақстан құру борышы тұрғанын, ал бұл – барша отандасымыздың алдында тұрған маңызды міндет екенін айтты.

«Сіздердің мақалаларыңыз бен сюжеттеріңіз, журналистік зерттеулеріңіз осы бастамаға үлес қосары сөзсіз. Сондықтан нағыз кәсіби мамандардың еңбегін лайықты бағалаудың символдық мәні бар. Міржақып Дулатұлының «Қай жұрттың баспасөзі мықты болса, сол елдің өзі де күшті» деген тұжырымы бүгін де барынша өзекті. Еліміздің ақпараттық қауіпсіздігі мен идеологиялық дербестігін сақтау үшін отандық журналистердің Қазақстанда және әлемде болып жатқан үдерістер туралы өз көзқарасы болуы керек. Біз қоғамға үлгі-өнеге көрсетіп, мемлекет ісін ілгерілетуге атсалысуымыз қажет. Өйткені халықтың сенімін ақтау – азаматтық борышымыз. Біз татулық пен бірлікті сақтай отырып, Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңа белестерді бірге бағындыратынымызға сенемін. Баршаңызға шығармашылық шабыт, толағай табыс тілеймін!», - деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.