Қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге болуы тиіс
Қазіргі сұранысқа байланысты жеке кәсіпкерлер қант бағасын қолдан көтеріп отыр. Үкіметтің цифрлық кеңсесінде өткен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұру жөніндегі кеңесте Әлихан Смайылов мәселені реттеуді тапсырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Премьер-Министрдің ресми сайтына сілтеме жасап.
«Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, қант қоры 100 мың тоннадан асады, ал айына тұтыну – 59 мың тонна. Демек, қор жеткілікті. Бірақ, үй жанындағы дүкендерде қант 700-800 теңгеден сатылады. Бұл – сұранысты пайдаланып, үстеме ақы қойып отырған жеке тұлғалардың заңсыз кәсіпкерлік қызметінің «нәтижесі». Жалпы, қанттың орташа бағасы шамамен 480-490 теңге болуы тиіс. Мұны ретке келтіру керек», - деп тапсырды Үкімет басшысы.
Салалық комитет мәліметінше, бөлшек сауда нысандарының рұқсат етілген үстемені 15%-дан асырмауын әкімдіктер бақылап отыр. Кейінгі апталарда рейдтік іс-шаралар үй жанындағы 42,6 мың дүкенге (84,7%) жүргізілген. Нәтижесінде 712 заң бұзушылық анықталды, олар бойынша қажетті шаралар қабылданды. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитетінің төрағасы Ержан Қазанбаев сауда үстемесін арттыру фактілерін анықтау және заңнамада көзделген шараларды қабылдау үшін монополияға қарсы органдар мен ЖАО-ға электрондық шот-фактуралардың деректерін жіберуге мүмкіндік беретін мемлекеттік органдардың бірлескен бұйрығын әзірлеуді ұсынды.
Сондай-ақ, ол қазіргі ахуал және бағаны тұрақтандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады. Жыл басынан бері баға 17,1%-ға көтерілген. Атап айтқанда, пияз, қырыққабат, қант, картоп, сәбіз, қарақұмық бағасы қымбаттаған. Өңірлер бойынша баға Жамбыл және Маңғыстау облыстарында 18,7%-ға, Алматы облысында 18,6%, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 18,5% және Шымкент қаласында 18%-ға өскен. Аталып өткеніндей, жақын шетел нарықтарында да азық-түлік тауарлары бағасының өсуі бойынша жағдай осындай. Мәселен, Ресейде жыл басынан бері азық-түлік бағасының орташа өсуі шамамен 40%, Өзбекстанда 48% болды. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша, қазіргі уақытта елімізде сиыр етін (22 292 тонна), құс етін (19 600 тонна), картопты (93 749 тонна), ұнды (118 506 тонна), сүтті (59 640 тонна) және басқасын қоса алғанда, 607 мың тонна көлемінде негізгі азық-түлік қоры бар.