«Өнім өзіндік құнын ақтамайды»: Отандық аяқ-киім өндірушілер қиындықтарға тап болды
Нарықта көлеңкелі жолмен кіргізілген сапасыз және контрафактілік тауарлар көбейген
Отандық аяқ-киім өндірушілер әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты көптеген қиындықтарға тап болдық дейді. Айтуларынша, қазір өнім өзіндік құнын ақтамайды. Себебі қажетті бөлшектер қымбаттап, логистикалық проблемалар туындаған. Әрі нарықта көлеңкелі жолмен кіргізілген сапасыз және контрафактілік тауарлар көбейіпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 31-арнаның «Информбюро» жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Алексей бірнеше жылдан бері қайыстан аяқ киім тігіп сатумен айналысады. Қазір кәсіпкердің жеке студиясы бар. Айтуынша, соңғы үш айда геосаяси ахуалға байланысты салынған санкциялар салқыны сезіле бастаған. Яғни, логистикалық қиындықтар туындап, тауар жеткізушілер тізімі шектелген. Соның кесірінен өнімнің өзіндік құны 15 пайызға көтеріліпті. Ал цифрлы таңбалау аяқ киім бағасына әсер ете қоймаған.
«Былтыр аяқ киім өндірісіне де міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Ал оның өнім құнына әсері шамамен 1 пайыздай. Біз өткен жылы бағаны ұстап тұрдық. Бірақ қазіргі шектеулерге қарсы тұра алмаймыз», - дейді кәсіпкер Алексей Нехорошев.
NielsenIQ нарықтағы жағдайды бағамдау үшін арнайы зерттеу жүргізіпті. Сөйтіп, тұрғындардың күнделікті тұтыну тауарларын бір жыл бұрынғыға қарағанда 25 пайызға аз сатып алатындарына көз жеткізген. Сондай-ақ, сауалнама қатысушыларының 87 пайызы соңғы үш айда бағаның тым шарықтап кеткенін айтқан.
«Қазір бәрі қымбаттап жатыр. Логистика, шикізат, қаптаманың да құны артты. Әрине, мұның бәрі сайып келгенде дайын өнім бағасына әсер етеді», - дейді «NielsenIQ» компаниясының коммерциялық директоры Мадина Сейсенғалиева.
Сарапшылар қазір қазақстандықтардың 73 пайызы қаржысын үнемдеуге тырысады деді. Оның 69 пайызы киім мен аяқ киім сатып алуды доғарыпты.
Көбіне тұтынушылар қаржысын үнемдеу үшін арзан өнімді алуға тырысады деді сарапшылар. Салдарынан сапасыз, әрі контрафактілік тауарларға тап болады екен. Ал оның алдын алудың жалғыз жолы – міндетті цифрлық таңбалау.