Павлодар облысында балаларын құтқармақ болған екі ер адам суға кетті

Автор: Azattyq Rýhy

Ал құтқарылған балалар ауруханаға жеткізілді

Фото ашық дереккөзден

Павлодар облысының Баянауыл ауданында екі ер адам балаларын құтқарамыз деп суға батып кетті. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Күндіз Павлодар облысы ТЖД "112" пультіне Баянауыл ауданы Торайғыр ауылында жабдықталмаған жерде ер адамдар суға батып кеткені туралы хабарлама келіп түсті.

Куәгерлердің айтуынша, Қарағанды облысында тұратын 1978 және 1986 жылы туған ер адамдар 9 және 14 жастағы балаларын құтқару кезінде суға батып кеткен. Балалар бірден жедел медициналық жәрдеммен Баянауыл ауылының аудандық ауруханасына жеткізілді. Олардың жағдайы тұрақты, есін біледі.

Екібастұздан келген құтқарушы-сүңгуірлер ер адамдардың денесін судан алып шықты.

ТЖД мәліметінше, 4 құтқарушы, 1 техника бірлігі және Павлодар облысы ТЖД 1 жүзу құралы, "102", "103" қызметтері жұмылдырылды.