Ауылды жерлерде зорлық көрген әйелдер полицияға хабарласудан қорқады – маман

Автор: Еркежан Айтказина

2021 жылы полиция органдары дағдарыс орталықтарына 7 000 әйелді жіберген

Фото ашық дереккөзден

Ауылды жерлерде тұратын әйелдердің 5-6 сағаттық жерде орналасқан облыстағы дағдарыс орталығына баруға қаржылық және физикалық мүмкіндігі жоқ. Бұл туралы Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Салтанат Тұрсынбекова мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Статистикаға сәйкес соңғы жылдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыс саны 2 есе өсті. Мысалы егер 2015 жылы 472 қылмыс жасалса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 1022-ге жеткен. 2021 жылы полиция органдары дағдарыс орталықтарына 7 000 әйелді жіберген. Яғни күніне 19 әйел аталған ортылықтың көмегіне жүгінді деген сөз. Ауылдарды аралау барысында пандемия кезінде әйелдер мен балаларға көрсетіген зорлық-зомбылық ресми статистикадан әлдеқайда жоғары екенін байқадық. Қазақстанда зорлық-зомбылықтан жылына 400 әйел қайтыс болады. Бұған қоса, қасақана негізде жарақат алған әйелдер саны да соңғы жылда екі есе өскен. Сол сияқты сексуалды сипаттағы зорлықтың да үлесі артқан», - дейді С.Тұрсынбекова «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесі отырысында сөйлеген сөзінде.

Оның сөзінше, заңға сәйкес құқық бұзушыларды тек әкімшлік-жауапкершілікке тартумен ғана шектеледі. Оның ішінде ескерту беру я болмаса екі-үш тәулікке қамауға алу сияқты шаралар жиі қолданылады. Бұл шаралар отбасында зорлық көрсеткен адамға мүлдем әсер етпейді. Сол себепті осындай жағдай жиі қайталанып отыр. Көп жағдайда ішімдікке салынған еркектер отбасында зорлық көрсетуге бейім. Статистикалық мәлімет мұндай санаттағы қылмыстар мереке күндері және демалыста жиі болатынын анықтап отыр.

«Ауылдық жерлердегі әйелдердің 5-6 сағаттық жерде орналасқан облыстағы дағдарыс орталығына баруға қаржылық және физикалық мүмкіндігі жоқ. Зардап шеккен әйелдер полицияға хабарласуға қорқады. Осылайша, әр аудан орталығында дағдарыс орталығын ашу маңызды болып отыр. Бұл көрініс зорлық-зомбылықтың алдын алу, зардап шеккендерге көмек көрсету, сондай-ақ отбасының әл-ауқаты мен тұтастығын сақтауға көмектеседі. Бұл орталықта заңгер, психолог сияқты мамандар халыққа тегін қызмет көрсетеді», - дейді Президент жанындағы Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары.

Белгілі болғандай, аталған орталық жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылып, әкімдіктің қарамағында құрылады. Ресми дерекке сәйкес бүгінгі таңда 1 145 100 отбасы дағдарыс орталығына мұқтаж.

«AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасына сәйкес 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейін әрбір аудан орталығында 234 дағдарыс орталығын ашу жоспарланған. Оның ішінде биыл 45 орталық ашылмақ.