«Айлық табысы 650 мың теңге»: Алматы облысында жазасын өтеп жатқандардың жалақысы белгілі болды

Автор: Әйгерім Ердәулет

20 шақты әйелдің ең аз деген жалақысы – 150 мың теңге

Алматы облысында жазасын өтеп жатқан 3,5 мыңға жуық азамат бар. Олардың 550-і бір ғана «Еңбек-Жауғашты» филиалының қарамағындағы 32 кәсіпорында еңбек етіп, нәпақасын табады. Айта кету керек, түзеу мекемесіндегі жазасын өтеп жатқандарды жұмыспен қамтып жатқан өзге де кәсіпорындар баршылық. Тігін цехынан бастап, шетелге экспортталатын құрылғыларды жасап шығарумен айналысып келе жатқан сотталғандарға ай сайын «Еңбек-Жауғашты» бөлімшесі 22 миллион теңге жалақы төлейді. Ең көп айлықты Жауғашты кентіндегі ЛА-155/4 мекемесінде жазасын өтеп жатқан әйелдер алып отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Жауғаштыдағы әйелдер мекемесінде жұмыс істеп жатқан сотталушылардың ішінде 650 мың теңге айлық алған кісілер бар. 20 шақты әйелдің ең аз деген жалақысы – 150 мың теңге.  Ол кісілердің 5-10 жылдан бері қолдары тігінге әбден икемденіп қалған. Сондықтан тапсырысты барынша көп орындауға тырысады. Ал ЛА 155/8 мекемесінде донер аппараттарын жасап, Мәскеуге дейін жібереді,  ЛА 155/14-те шұжық жасайды. Тігін цехы, металл, ағаш өңдейтін кәсіпорындар да бар. Бас-аяғы 32 өндіріс орны бар. Бірлесіп жұмыс істейтін бизнес өкілдеріне  ғимаратты жалға беру тегін. Бірақ ешкім салықтық міндеттемелерден босатылмайды. Ең төменгі жалақы – 32 мың 500 теңге. Бұл – жартыкүндік жұмысқа орналасқандардың еңбекақысы. Жұмысшыларға айына 20-22 миллион теңге айлық төлейміз. Жұмысқа жарамды бола тұра, еңбек еткісі келмейтіндер де бар. Біз оларды мәжбүрлей алмаймыз», - деді ҚР Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің «Еңбек» шаруашылық жүргізу құқығындағы филиал директоры Әділет Баймадиев.

50 жастағы Марат Карбозовтың абақтыда отырғанына 7 жылдан асқан. Ағаштан түрлі бұйымдарды жасай алатын ол еңбекақымыз тапсырысқа қарай төленеді дейді. Әзірге айлығы 30 мың теңгеден аспайды екен.

«Қол астымда жұмыс істейтін адамды адамды өлтіріп қойдым. Осы кінәм үшін 16 жылға сотталдым. Оның тең жартысын өтедім. Енді қалған уақытымды осы еңбек етіп жүріп, өтеймін. Ағашпен жұмыс істеп көргенбіз ғой, айлығым шамамен 30 мың теңге. Тапсырысқа байланысты. Көбірек қаражат тауып, үйге де ақша жібергім келеді. Бүгінде немерелі болдым. Еңбекпен ғана бәрін еңсеруге болады», - деді сотталушы Марат Карбозов.

Ал кейбір сотталушылар түрмеде жүріп, мойнындағы айппұлдардан құтылмаса, жазасын өтеу мерізімі аяқталса да абақтыдан босатылмайтындарына налиды. Олардың бірі – Заречный кентіндегі ЛА-155/12 мекемесінде жазасын өтеп жатқан Андрей Алимов.

«Түрмедегі кітапханада жұмыс істеймін. Айлығым – 30 мың теңге. Оның 15 мыңы мойнымдағы қарымызды төлеуге кетеді. Яғни сотталып жатқан кезде маған жүктелген шығындарды өтеуге аударамын. Өзім 10 жылға сотталғанмын. Әлі екі жыл осы абақтыда отырамын. Бірақ осы уақыт ішінде қалған  2,5 миллион теңге айыппұлды мұндай жалақымен қайтіп өтейтінімді білмеймін. Жылжымайтын мүлкім осы қарыз үшін аресте тұр. Заң бойынша мен бұл қарызды толық төлемегенше, жазаны өтеу мерізімім аяқталса да, абақтыдан босатпайды. Бірақ былай қарасам мемлекет менің түрмедегі шығыныма жылына кем дегенде 1 миллион теңге жұмсайды. Осы ретте, бұл заңды өзге дамыған елдердегідей өзгертеді деген үмітім бар. Өйткені түрмеден шығып, кепілде тұрған үйімді сатып, жұмыс істеп бұл қарыздан тезірек құтылуыма болатын еді. Түзеу мекемесінде ауыр жұмыс істеуге қос бүйрегім жарамайды, жасым – 50-де», - дейді жазасын өтеуші Андрей Алимов.