Жеңімпаз балуанға 25 000 000 теңге табысталады
«Қазақстан Барысы» ХІ республикалық турнирі 3 шілде күні «Барыс-Арена» мұз сарайында өтеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жарыс ережесіне сәйкес сәуір-мамыр айларында ауыл, аудан, облыстық (қалалық) деңгейдегі және күштік құрылымдар желісі арасында іріктеу жарыстары толығымен өтіп, оған еліміз бойынша бес мыңға жуық спортшы қатысты. Соның ішінен 36 балуан ақтық сынға жолдама алды. Олардың ішінде осыған дейін жеңіс тұғырынан көрінген Мұхит Тұрсынов, Еламан Ерғалиев, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбаевтар бар.
2021 жылдың жеңімпазы Дәурен Нұралинов жарақатына байланысты турниге қатыспайды. Сондай-ақ, екі дүркін "Қазақстан Барысы" атанған Айбек Нұғымаров спорттық жолын аяқтағанын ресми түрде жариялады.
Қазақ күресі ережесіне енгізілген өзгертулерге байланысты биылғы турнир "бүк" ұпайынсыз өтеді.
«Қазақстан Барысы» турнирінің жүлде қоры әдеттегідей, жеңімпаз балуанға 25 000 000 теңге және алтын белбеу мен ауыспалы алтын «тайтұяқ» табысталады. Екінші орынға 5 500 000 теңге және үшінші орынға 1 800 000 теңге, сәйкесінше күміс және қола белбеулермен марапатталады.
Ресми салмақ өлшеу рәсімі 1 шілде сағат 19.00- де «Хан Шатыр» СОСО белгіленіп отыр.