$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Түркістан облысында 17 мың гектар жайылым қайтарылды

«AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының өкілдері Ордабасы ауданындағы жайылым жер мәселесінің жай-күйімен танысты

Түркістан облысында 17 мың гектар жайылым қайтарылды
фото: www.gov.kz

Түркістан облысында 3,1 млн. гектар жайылымға қажеттілік бар. Биыл 1 млн. 12 мың гектарды қайтару жоспарлануда. Оның 405 мыңы мемлекетке қайтарылады. Бұл туралы Azattyq Ruhy облыстық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

600 мыңнан астам гектар жайылым иелерімен меморандумға тұру арқылы елдің ортақ пайдалануына ұсынылады. Жаңа бастамаға орай әзірге 17 мың гектар жайылым жер қайтарылды. Соның бірі Ордабасы ауданы Ақсары ауылында іске асып, халықтың талабы орындалды.

Түркістан облысына жұмыс сапарымен келген «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының өкілдері Ордабасы ауданындағы жайылым жер мәселесінің жай-күйімен танысты. «AMANAT» партиясының хатшысы Д.Кәрібек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ж.Әшімжан, Е.Саиров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы - ҚР Жерді пайдалану мен қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы М.Теміржанов, «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Б.Тәжібаев Ақсары ауылының халқымен кездесті.

Жайылым алқабында өткен Бәйдібек, Отырар, Төлеби аудандарының атқарушы органдарының басшылары, шаруа қожалықтарының жетекшілері де қатысты. Партия жанынан құрылған «Жер аманаты» комиссиясының мүшесі, Мәжіліс депутаты Е.Саиров кездесудің мақсатын айтты.

«Мемлекет басшысы жер мәселесін әділетті шешуді тапсырды. Бүгінгі таңда партияның ең негізгі принципі де осы. Яғни, жер ауылдағы ағайынның еншісінде болуы керек. Құрылған комиссия мүшелері өзіміздің халыққа жерді қалай үлестіреміз деген деген жауап іздеп, бүкіл елді мекенді аралауды бастады. Егер нақты әрі негізі бар проблема болса, ол жергілікті атқарушы орган арқылы шешіле ме әлде Заңға өзгеріс енгізу керек пе осыны анықтаймыз. Кешенді қарастыру үшін тек өзіміз емес Үкіметтің мүшелерімен бірге аралаймыз», – деді Мәжіліс депутаты Е.Саиров.

Төрткөл ауыл округі, Ақсары ауылына жақын орналасқан жайылым алқаптары 910 гектарды құрайды. Бұл жер көлемі ауыл тұрғындарының шаруамен айналысуына аздық етеді. Тұрғындардың уәжін тыңдап, арнайы комиссия арқылы шешуге ықпал ету үшін келген комиссия өкілдері орынды ұсыныстар топтастырылып, Заңға өзгерістер енгізуге жұмыс жүргізетіндерін жеткізді.

«Шешімін күткен мәселердің бірі – жер дауы. Бүгін облыс орталығынан кетіп қалмай, ауылдардың мәселесін естіп, осында арнайы келдік. Заңдағы кодекстерге өзгерту керек болса, оны халықтың талабын тыңдай отырып жүзеге асырғанымыз жөн. Мұнымен тек Үкімет қана жұмыс істемей, партия да араласуы керек. Бір ай бойы заңды зерттедік. Енді ауыл-аймақтардағы мәселелерді саралауға кірістік. Сіздердің ауылдарыңызға 285 мың гектар жер ортақ пайдалануға беріліп отыр. Басқа да жайылымға қатысты сұрақтар әлі қаралады», – деді Д.Кәрібек.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін партияның араласуымен ортақ пайдалануға берілетін жердің көлемі ұлғайтылатыны жайлы жаңалық ауыл халқын қуанышқа кенелтті. Себебі күнкөрісі мал шаруашылығына тікелей байланысты ауыл халқының айтқан уәжі тез арада оңтайлы шешіліп отыр.

Серіктес жаңалықтары