Қазақстанда қарт адамдар саны көбейіп келеді – статистика

Автор: Azattyq Rýhy

0 жастан 15 жасқа дейінгі әрбір 100 балаға елімізде 65 жастан асқан 26,6 азаматтан келеді

Фото: tengrinews.kz

Қазақстанда қартаю көрсеткіші артып келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы республика өңірлерінде халықтың қартаю индексі 26,6 құраған. Бұл дегеніміз, 0 жастан 15 жасқа дейінгі әрбір 100 балаға елімізде 65 жастан асқан 26,6 азаматтан келеді. Бес жыл бұрын бұл көрсеткіш 25,9 (2017 ж.) деңгейінде болған.

Ауылды елдімекендермен салыстырғанда Қазақстанның қалалық жерлеріндегі қартаю көрсеткіштері жоғары – 28,7. 2019-2020 жылдардағы қалалық индекс 29,1 деңгейінде бағаланған болатын.

«Өңірлер арасында ең жоғары индекс көрсеткіші СҚО-да – 66,5. Ең жас қала Шымкент болып шықты, онда 100 балаға шаққанда 65 жастан асқан 14,3 адамнан келеді. Елорда халқы да салыстырмалы түрде жас, Нұр-Сұлтан индексі 17,3 құрады», - делінген бюро хабарламасында.

Ауыл тұрғындары арасындағы қартаю индексі қалалық көрсеткіштен 4,9 пунктке (23,9) аз. Бес жыл ішіндегі көрсеткіш айтарлықтай өзгерген жоқ, 2017 жылы 100 балаға 22,4 қарттан келген.