Қазақ-қырғыз шекарасында туристік автобустар арнайы жолақ арқылы өтеді

Автор: Azattyq Rýhy

ҚР Шекара қызметі «Қордай» өткізу пункті арқылы Ыстықкөлге баратын туристік автобустардың кедергісіз өтуін қамтамасыз етуге ниетті

фото: egemen.kz

Туроператорлар шекара қызметіне автобустың нөмірі мен маркасын, туристер саны және шекараға келу уақыты туралы ақпаратты алдын ала жіберетін болады. Осыдан кейін туристер мінген қоғамдық көлік арнайы жолақ арқылы өтеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

 «Атамекен» ҚР ҰКП ұйымдастыруымен туроператорлар мен қауымдастық өкілдері «Қордай» өткізу пунктінде болды.  Кездесу барысында ұйымдасқан туристік топтарды жедел өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

«Әзірге үлкен туристік автобустар бойынша ғана келісім бар. ҰКП қауымдастықтармен бірге жолаушылар шағын автобустарын тез өткізу туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл шағын автобустар үлкен автобустарда орын қалмағанда жұмылдырылады», – деді «Атамекен» ҚР ҰКП Туризм департаменті директорының орынбасары Елена Михнова.

Кездесуде санитариялық тораптарға қызмет көрсету үшін техперсоналды іздеу, автобустан шығармай багажды тексеру мүмкіндігі және өткелде кезекші жедел жәрдемді ұйымдастыру мәселелері көтерілді. Сонымен қатар, қырғыз шекара қызметімен туристік автобустардың Қазақстанға кіруі үшін жеке жолақ ұйымдастыру мүмкіндігі туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Атамекен» ҰКП осындай кездесуді Ресей Федерациясымен шекарада ұйымдастыруға ниетті.

«Біз Ресей шекарасындағы шекарашылармен ресейлік туристердің біздің курорттарға жедел кіруі туралы келіссөздер жүргізіп жатырмыз», – деді Елена Михнова.