Елімізде жеңілдетілген автонесие бойынша өтінімдерді екі банк қабылдайды

Автор: Azattyq Rýhy

«Еуразиялық банк» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ банктері бөлінген лимиттерді толық игермеген

Фото: ашық дереккөзден

Жеңілдетілген автонесиелерді қаржыландыру бағдарламасы бойынша өтінімдерді «Еуразиялық банк» АҚ және «Қазақстан Халық Банкі» АҚ банктері қабылдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлағандай, аталған екі банк бөлінген лимиттерді толығымен игермеген. Бүгінгі таңда оларға кезекті транштар бөлінді:

  • «Еуразиялық банк» АҚ – 10 млрд теңге;

  • «Қазақстан Халық Банкі» АҚ – 7,5 млрд.

Осылайша, бағдарлама аясында қатысушы банктерге 90 млрд теңге аударылды. Оның ішінде:

  • «Еуразиялық банк» АҚ – 25 млрд теңге;

  • «Банк Центр Кредит» АҚ – 27,5 млрд теңге;

  • «Қазақстан Халық Банкі» АҚ – 22,5 млрд теңге;

  • «Forte Bank» АҚ – 15 млрд теңге аударылды.

Бөлінген транш игерілгеннен кейін 10 млрд теңге көлеміндегі қалған лимит «Еуразиялық банк» АҚ-на бөлінеді.

Бүгінгі таңда қатысушы банктер жалпы сомасы 82 млрд теңгеге 10 888 өтінімді мақұлдап, 4 847 автокөлікті шығарған.

«Айта кетерлігі, жалпы сомасы 90 млрд теңгенің бөлінбеген лимиті 8 млрд теңгені құрайды. Бұл сома шегінде автонесие алуға өтініштерді тек «Еуразиялық банк» АҚ мен «Қазақстан Халық Банкі» АҚ қабылдайды. Бағдарламаға қатысушы қалған банктер бөлінген лимиттерді толығымен игерді», - делінген Қор хабарламасында.

Жаңа автонесиелерді одан әрі беруді қатысушы банктер бастапқы қарыз алушылардың өтелген кредиттік төлемдері есебінен револьверлік несиелеу механизмі шеңберінде жүзеге асыратын болады.