Мамандар бұл кесел Қазақстанға жетуі де әбден мүмкін деп отыр
Маймыл шешегі қазақстандықтар көп баратын Грузияға да жеткені кеше белгілі болды. Елдің Денсаулық сақтау министрлігі хабарлағандай, науқас вирусты Еуропа елдеріне саяхаты кезінде жұқтырып келіпті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі КТК арнасына сілтеме жасап.
Қазір онымен қарым-қатынаста болғандар жіті тексеріліп жатыр. Әзірге олардың бәрі қауіпті кеселден дін аман.
Айта кетейік, әлемді дүрліктірген маймыл шешегі тікелей ауру приматтардан да, адамнан адамға да жұғады. Науқаспен ұзақ уақыт қарым-қатынас кезінде ауа, сілекейі арқылы және жыныстық жолмен де беріледі. Алғашқы белгілері: дене қызуының көтерілуі, жалпы интоксикация, құсу. Артынша тұла бойы қалтырап, денеде бөртпе қаптайды. Вирус жұқтырғандардың орташа жасы 37-де. 90 пайызы - ер адамдар.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, мешін шешегі небәрі бес айдың ішінде 42 елге тарап, 2100-ден астам адам ауру жұқтырған. Ал дерттен ажал құшқан алғашқы жағдай Нигерияда тіркелді. Вирусқа шалдыққандардың басым бөлігі Ұлыбритания, Испания, Германия және Португалиядан анықталған.
Мамандар бұл кесел Қазақстанға жетуі де әбден мүмкін деп отыр. Сондықтан халықаралық әуежайларда әрбір келушінің дене қызуы тексеріліп жатыр. Ал маймылшешегі елімізде анықталса сақадай-саймыз дейді. Дегенмен Еуропа елдеріне шыққан жағдайда сақтық шараларды ескерген абзал.
«Қазақстанға бұл мешін шешегінің келу қаупі бар. Өйткені, әлем бойынша эпидемилологиялық жағдай тұрақты емес деп айтуымызға болады. Денсаулық сақтау министрлігінің тарапынан бүкіл дайындық жұмыстары өткізілді. Өйткені, мидицина қызметкерлер арасында оқу дәрістер өткізілді. Егер де науқас тіркелетін болса, оны оқшаулау жағдайы да қарастырылған», - деді Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама ғылыми-практикалық орталығы филиалы директорының орынбасары Манар Смағұл.