Қырғызстанның бірінші президенті Асқар Ақаев Алматыда дәріс оқып жүр

Автор: Әмірболат Құсайынұлы

Ол ҚазҰУ-ға 45 жылдан кейін келіп тұрғанын ерекше ілтипатпен жеткізді

Қырғыз Республикасының бірінші президенті Асқар Ақаев Алматыға келді. Профессор Асқар Ақаев көшбасшылық жайында дәріс оқып жүр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Оқу орнына келген ғалым алдымен қазақ-қырғыз ынтымақтастығына арналған кітап және сурет көрмесін тамашалап, ҚазҰУ қалашығы құрылысының екінші кезеңін іске асыру жоспарымен танысты. Академик Асқар Ақаевтың «Көне дәуірден бергі демографиялық даму көрсеткіші және адамзат болашағы (компьютерлік болжау және математикалық модельдеу)» тақырыбындағы көшбасшылық дәрісіне қоғам қайраткерлері, ҚР ҰҒА академиктері, ғалымдар, қаламгерлер, ҒЗИ басшылары, БАҚ өкілдері, білім ордасының оқытушы-профессорлар құрамы мен студенттері де қатысты.

«Асқар Ақайұлы – өте білімді, ерекше тұлға. Тәжірибелі ғалым ретінде Қырғызстанда есептеу оптоэлектроника және голография бойынша Қырғыз ғылыми мектебін құрды. Аталмыш орталықтан көптеген ғалымдар мен докторлар шықты. Осылайша профессор әлемдегі саяси-экономикалық және әлеуметтік мәселелерді талдау мен болжаудың ғылыми мектебін қалыптастырды. Ресей, АҚШ, Жапония және Еуропаның жетекші ғалымдарымен бірге терең зерттеулер жүргізді. Ол – 400-ден астам ғылыми мақала мен 15 кітаптың авторы», – деді ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев.

Ақаевты уриверситет ректоры арнайы шақырған. Академик Асқар Ақаев білім ордасының басшылығы мен ұжымына жылы қабылдағаны үшін алғысын білдіре отырып, ҚазҰУ-ға 45 жылдан кейін келіп тұрғанын ерекше ілтипатпен жеткізді. Дәріс барысында Асқар Ақайұлы «Демографиялық ауысу» ұғымына кеңінен анықтама берді. Сондай-ақ әлем елдері тарихындағы демографиялық өзгерістер, оның себептері мен салдары туралы айтып берді.

«ҚазҰУ-мен 45 жылдан соң қайта қауышқаныма қуаныштымын. Бүгінгі кездесуді ұйымдастырғандарыңыз үшін көп рақмет! Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – Орталық Азиядағы ең үздік университет. Жоғары оқу орындарының көбісі үлкен жетістіктерге өте ұзақ жолдан өтіп жетеді.  Бұл жұдырықтай жұмылып еңбек еткен білікті ұжымның жемісі», – деді профессор.

Сондай-ақ Асқар Ақаев адамзаттың болашағы, өркениеттің дамуы және оның кері әсері туралы өз пікірін білдірді. Оқытушы-профессорлар құрамының сұрақтарына жауап беріп, ғылымдағы тәжірибесімен бөлісті. Көшбасшылық дәрістен кейін Жансейіт Түймебаев академик Асқар Ақаевқа Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Құрметті профессоры» атағын табыстады. Іс-шара соңында Асқар Ақаев ҚазҰУ-ды үздік бітірген докторанттарға салтанатты түрде диплом табыстап, түлектерге сәт-сапар тіледі.

«ХХ ғасырда Жер шарындағы халық саны төрт есеге, ал әлемдік жалпы ішкі өнім 20 есеге өсті. Демографиялық ауысу елеулі ғылыми-техникалық прогреспен, мәдениет пен білімнің өрлеуімен, сондай-ақ халықтың көп бөлігінің ауылдан қалаға көшуімен қатар жүрді. ХХІ ғасырдың бірінші жартысында демографиялық динамика әлемдік дамудың басты қозғаушы күші болып қала беретініне күмәнім жоқ. ХХ ғасырдың басы көптеген ғылыми-инновациялық жобалармен ерекшеленді. Атап айтқанда: атом энергетикасы, кванттық электроника және лазерлік технологиялар, электронды есептеу машиналары және өндірісті автоматтандыру, реактивті және зымыран қозғалтқыштары, ғаламдық спутниктік байланыс және теледидар т.б. Ал қазір цифрлық технологияның заманы», – деді Ақаев.

Ө.Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайында Асқар Ақаев көшбасшылық тақырыбындағы дәрісін жалғастырмақ. Дәрісте профессор цифрлық экономиканың бүгіні мен болашағы және өзінің ғылым саласындағы жүргізген зерттеулері туралы айтпақ.