Нұр-Сұлтанда ерлі-зайыптылар есірткі сатумен айналысқан

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшыларының айтуынша елордада жыл басынан бері заңсыз айналымнан 130 келіден астам есірткі тәркіленген

Елорда аумағында "Қарасора" Республикалық жедел алдын алу іс-шарасы аясында аса ірі көлемде есірткі жеткізумен және өткізумен айналысатын адамдарды ұстау бойынша арнайы операция жүргізілді, деп хабарайды Azattyq Rýhy.

«Есірткіні өткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде Петров көшесінде елорданың 50 жастағы тұрғыны ұсталды. Әйел адамның жеке заттарын тінту барысында сөмкесінен салмағы 400 грамм болатын сатуға дайындалған "гашиш" және "марихуана" есірткі заттары табылды. Одан әрі пәтерді тінту барысында оның 47 жастағы күйеуі ұсталды, ол өз еркімен балконда сақталған 10 кг-ға жуық "гашиш" және 1,5 кг-ға жуық "марихуана" есірткі заттарын берді», деп көрсетті Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Боталы көшесінің бойында есірткі сатуға қатысы бар отбасылық жұптың сыбайласы, 25 жастағы ер адам ұсталды. Оны жеке тінту және автокөлігін тінту барысында "марихуана" есірткі заты тәркіленген.

Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 11 килограмнан асты.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 297-бабы 3-бөлігі "есірткі заттарды, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту немесе өткізу" бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде, бұл 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.

Полиция қызметкерлері есірткінің жеткізу арнасын, сондай-ақ оның заңсыз айналымына қатысы бар адамдарды анықтауда.