Асхат Оралов дәрігерлерді кәсіби мерекемен құттықтады

Автор: Azattyq Rýhy

«AMANAT» партиясының сайлауалды уәделерді іске асыру аясында дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, ал орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға ұлғайтылды

фото: «AMANAT» партиясы б/қ

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Асхат Оралов қазақстандық дәрігерлерді Медицина қызметкерлері күнімен құттықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Адам жанының арашашысы – дәрігерлер барлық уақытта үлкен абыройға ие, құрметке лайық. Дүниені дүрбелеңге салған қатерлі індет кезінде қызметіне адал, елге жанашыр дəрігерлер уақытпен санаспай, еңбегін бұлдамай мылтықсыз майданның алдыңғы шебінен табылды. Олардың осы ауыр кезеңдегі қызметі ерлікпен тең. Дертке дәру, жүрекке жылу сыйлаған, әрбір науқастың өмірі мен саулығы үшін жан аямай арпалысқан абзал жандарға айтар алғысымыз шексіз»,– деді ол.

Мереке қарсаңында партияның Атқарушы хатшысы отандық денсаулық сақтау саласы ардагерлерінің үйіне барды. Олардың арасында  40 жылдан астам уақытын акушерлік және гинекология саласына арнаған Күміскүл Байтілеуова, 15 жыл бойы елордалық ауруханалардың бірінде бас дәрігер болған Гүлжан Бейбітова және Ұлттық денсаулық сақтау палатасының Нұр-Сұлтан қаласындағы филиалының басшысы Қаршыға Құлмұқанов бар.

Айта кетейік, «AMANAT» партиясы Денсаулық сақтау саласына ерекше көңіл бөледі. Атап айтқанда, сайлауалды уәделерді іске асыру аясында дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, ал орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға ұлғайтылды.

Өткен жылы медицина қызметкерлерін, оның ішінде балалар дәрігерлерін қоса алғанда, тар шеңберлі мамандарды даярлауға 4,6 мыңнан астам грант бөлінді. Еліміз бойынша алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 30 нысан ашылды. Ал МӘМС-ды енгізу және квоталарды ұлғайту есебінен халыққа шамамен 1 млн. қымбат тұратын медициналық қызмет көрсетілді.

2023 жылға қарай дәрігерлердің жалақысын 2,5 есеге арттыру, ал денсаулық сақтауды қаржыландыру көлемін барлық көздерден ІЖӨ-нің 5%-ына дейін жеткізу жоспарлануда.