ІІМ қылмыскерлердің ол қаруды кез келген уақытта бейбіт азаматтарға қарсы пайдалануы мүмкін екенін айтты
Қаңтар оқиғалары кезінде ұрланған қару-жарақты іздеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Бүгінгі таңда қылмыскерлердің қолында 2 мыңнан астам ұрланған қару бар. Бұл туралы Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-да өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Жүйелі жұмыстың нәтижесінде полиция қызметкерлері Алматы қаласы, Алматы және Жамбыл облыстарында қару мен арнайы құралдар сақталатын жасырын орындары анықталып жатыр.
«Осы жылғы 1 маусымда Тараз қаласында полиция қызметкерлері шағынаудандардың бірінде гараждар арасынан толық оқжатары бар Макаров тапаншасы, револьвер, аңшылық мылтық және жарық-дыбыс гранатасы болған заңсыз сақтау орнын тапқан. Сондай-ақ 7 маусымда Тараз қаласында полиция қызметкерлері құрылыс объектісінде 2 аңшы мылтығын, шолақ мылтық және жарақаттайтын тапанша салынған полиэтилен пакетін тапқан. Сол күні аталған қалада бағбандық қоғамның аумағында құрылыс плиталарының астынан «Макаров» тапаншасы, жарақаттайтын тапанша, аңшылық мылтық пен жас ағызғыш тітіркендіру әрекеті бар граната, түтікшелері бар «Ф-1» гранатасы мен калибрі 5,45 мм 30 оқты тауып алды», - деп атап өтті Санжар Әділов.
Қазіргі уақытта қабылданған шаралардың нәтижесінде қарудың 1625 бірлігі табылған.
Табылған қарудың ішінде 10 граната атқыш, 6 оқ атқыш, 160 автомат, кесілген қарудың 113 бірлігі, 361 тапанша мен 253 граната, 41,1 мыңнан астам оқ-дәрі бар.
«Мысалы, осы жылғы мамырда Талдықорған қаласында «Қайнар АКБ» ЖШС-дан қорғасын құймаларын ұрлауда күдіктінің біреуі тұратын үйді тінту барысында оқ-дәрісі бар «Макаров» тапаншасы табылып алынды. Сондай-ақ күдікті Талдықорған қаласындағы Қаратал өзенінде «Макаров» тапаншасын, 4 толық оқжатары бар Калашников автоматы мен 1 сүңгі пышағын тығып қойған жерді көрсетті. Екінші күдіктінің үйінде 5 «Макаров» тапаншасы мен оқ салынған 10 оқжатар, «Калашников» автоматы және оған 2 сүңгі пышақ табылды. Кеше, 19 маусымда Талдықорған қаласында полиция қызметкерлері жергілікті тұрғынды ұстады, оның бақшасында «Макаров» тапаншасы, «МР-654К» тапаншасы, «РГД-5» гранатасы, калибрі 9 мм 16 оқ, калибрі 7,62 мм 5 оқ табылып алынды», - деді С. Әділов.
Сонымен бірге түсіндіру жұмысының нәтижесінде азаматтардан қарудың 212 бірлігі ерікті түрде қайтарылды.
«Бүгінгі таңда қылмыскерлердің қолында ауқымды арсенал - ұрланған қарудың 2 мыңнан астам бірлігі, оның ішінде 30 граната атқыш, 2 оқ атқыш, 122 автомат пен 379 тапанша қалуда, бұл дегеніміз – үлкен қауіп, өйткені қылмыскерлер кез келген уақытта оны бейбіт азаматтарға қарсы пайдалана алады», - деген Тергеу департаментінің бастығы бұл бағыттағы жұмыстар министрліктің ерекше бақылауында екенін ескертті.