Елімізде «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны басталды

Автор: Azattyq Rýhy

Іс-шара Балалар жылына және Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған

Фото: Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен

Қарағанды облысындағы оқу орталығының базасында VIII республикалық «Айбын» әскери-патриоттық жастар жиыны өтіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Іс-шара Балалар жылына және Қазақстан Қарулы күштерінің 30 жылдығына арналған. Биыл жиынға еліміздің барлық өңірлерінен 40 команда қатысып жатыр. Олар 14-18 жас аралығындағы облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларындағы әскери-патриоттық клубтардың, Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың, әскери колледждердің, мектеп-интернаттардың, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің 600-ге жуық қатысушысы.

Жиын бағдарламасында әскери-қолданбалы және әскери-спорттық жарыстардан тұратын 11 сайыс бар. Жас патриоттар «Айбын дарыны» ойыны барысында өздерінің зияткерлік қабілеттерін көрсетеді. «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауында және «Жас сарбаз – жас тілшілер» журналистік байқауында таланттарын паш етеді.

Арқан тарту және әскерилендірілген эстафета барысында қатысушылардың дене дайындығының деңгейі, күші, төзімділігі мен жылдамдығы бағаланатын болады.

Пневматикалық винтовкадан оқ ату, автоматты бөлшектеп-жинау, газ тұмылдырығы және жалпыәскери қорғаныс жиынтықтарын кию кезінде жас патриоттардан нақты, дәл әрі анық орындалған әрекеттер талап етіледі.

«Smart Sarbaz» өнертапқыштарының сайысы барысында жас бағдарламашылар қазылар алқасына өздерінің IT-әзірлемелері мен техникалық шешімдерін ұсынады.

Ақтық сында «Күшіміз бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны өтеді. Онда болашақ Отан қорғаушылар әскери қызметпен байланысты практикалық міндеттерді орындайды, командада жұмыс істеу тәжірибесін меңгереді, өздерінің моральдық және күш-қуат тұрақтылығын тексереді.

Айта кетейік, бір аптаға жалғасатын «Айбын» VIII республикалық әскери-патриоттық жастар жиыны 24 маусымда аяқталады.