Мыңнан астам жас сарбаз әскери ант берді

Автор: Azattyq Rýhy

Салтанатты іс-шараларға Қарулы күштердің ардагерлері, интернационалист-жауынгерлер, сарбаздардың туған-туыстары қатысты

Қарулы күштердегі әскери бөлімдерде жас сарбаздар Отан алдында адал қызмет етуге ант берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлерінде ант беру рәсімі олардың құрылғанына 30 жыл толуымен тұспа-тұс келді. Жалпы әскери дайындық курсынан және ант қабылдағаннан кейін жас буындар елдің әуе шептерін қорғауға қажетті әскери-есептік мамандықтарды игеруге кіріседі.

Сондай-ақ, Ұлттық қорғаныс университетінің бірегей бөлімшелерінің бірі болып саналатын әскери-ғылыми взводының мерзімді қызметтегі әскери қызметшілері де Отанға адал болуға ант берді. Олардың негізгі міндеті – инженерлік-техникалық бейіндегі, ІТ-технологиялар мен киберқауіпсіздік бағыттары бойынша ғылыми жұмыс атқару.

Әскери-ғылыми взводтың әскери қызметшілері өздерінің күнделікті қызметінде жауынгерлік даярлықтың негізгі пәндерін игеруден басқа Қарулы күштердің игілігі үшін ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық және сынақ жұмыстарын орындауға тартылатын болады.

«Еліміздің жетекші әскери жоғары оқу орны – Ұлттық қорғаныс университетіне қызмет етуге келгенімді мақтан тұтамын және Отан алдындағы конституциялық парызымды лайықты орындау үшін бар күш-жігерімді саламын. Бұл үшін менің әскерге барар алдында алған ғылыми-техникалық бағыттағы тәжірибем мен білімім бар», – деді қатардағы жауынгер Артем Егоров.

Ант қабылдағаннан кейін дәстүр бойынша бөлімше командирлері ата-аналарымен әңгімелесулер өткізді. Қызықтырған сұрақтарына жауап беріп, оларды әскери бөлімдердің инфрақұрылымымен таныстырды, казармалар, асханалар мен оқу сыныптарын көрсетті.

Тегтер: