Шымкентте жасы 70-тен асқан қариялар марафонға қатысты

Автор: Azattyq Rýhy

Қарттар бұған дейін 21 шақырымдық марафонға да қатысыпты

фото: otyrar.kz

73 жастағы Мұхаммедәлі Джуленбаев пен Юрий Остапенко Шымкент күніне орай ұйымдастырылған 5 шақырымдық марафонға қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

 Жүгіру марафонын қалдырмаймыз деген екі дос салауатты өмір салтын ұстану қажет дейді. Әрі өздері қатысу арқылы жас ұрпаққа өнеге болуды мақсат етіпті.

«Аса қатты қиын болған жоқ. Сәл тізем ауырды. Бірақ, шыдауға болады. Жалпы осындай жаппай жүгірістер көп болса екен. Жастарды да қатыстыру керек. Сонда ұлтымыздың дені сау болады»,-дейді Мұхаммедәлі Джуленбаев.

Үнемі спортты насихаттап жүреміз деген қариялар бұған дейін 21 шақырымдық марафонға да қатысқан екен.

«Мен осы Шымкенттің өзінде 10 марафонға қатысқанмын. Ең көбі 21 шақырым болған. Ал бүгінгі шара өте керемет өтті. Өйткені, күн жылы болды. Әдетте, көбі күзде, салқында өтетін еді. Көңіл-күйім керемет», - деді Шымкент қаласының тұрғыны Юрий Остапенко.