Елордалық ҚХА-ның мүшелері Ұлттық құрылтайға қатысты пікір білдірді

Автор: Сағыныш Ибрагим

Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы Түркістан қаласында өтетін болды

Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтайға қатысты елордалық ҚХА мүшелері пікір білдірді. Құрылтай құрамына кірген Нұр-Сұлтан қаласы «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов пен Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңес төрағасы Зулфухар Ғайыпов жиында қабылданған маңызды шешімдер туралы өз ойын айтты. Бұл туралы Azattyq Ruhy хабарлайды.

«Кеше Ұлытаудың төрінде, Жошы бабамыздың басында қазақ халқы араға 100 жылдан астам уақыт салып өзінің Ұлттық құрылтайын өткізді. (Құрылтай – партиялардың, қозғалыстардың, т.б. өзге де қоғамдық бірлестіктердің аса маңызды мәселелерге байланысты бастапқы басқосу жиыны). Ұлттық құрылтайға ҚР Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Мәжіліс төрағасы Е. Қошанов, Мемлекеттік кеңесші Е.Қарин және ел аумағынан 117 делегат қатысты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайда баяндама жасады. Президентіміз өз сөзінде бұқара халыққа ел бірлігі мен қоғамда жүріп жатқан реформалардың мән-мақсатын одан әрі тереңірек түсінудің маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар, Президент латын алфавитіне көшу мәселесінде ұлттың болашағы үшін ойланып, асығыстық танытпай, сәйкесінше оның ғылыми тұжырымдамасын қалыптастыру керектігіне назар аударды. Сондай-ақ 25 қазан бұдан былай елімізде «Республика күні» деп атап өтілетіні туралы жағымды жаңалығын жеткізді. Ұлттық құрылтайда ел тағдырына қатысты басқа да ел ағалары мен халықтың игі жақсылары өз ойларымен бөлісті. Жиын соңында Мемлекет басшысы Алты Алашқа аты мәлім, арқалы ақынымыз Мұхтар Шахановқа еліміздің ең жоғары марапаты – «Қазақстанның еңбек ері» алтын жұлдызын табыстады. Ұлттық құрылтайдың келесі отырысы қасиетті Түркістан қаласында өтетін болды. Жаңа Қазақстан, әділетті Қазақстан құру жолында еліміздің бірлігі мен елдік рухы  асқақтай берсін!» - деді Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдық кеңес төрағасы, ҚР Ұлттық құрылтайының мүшесі Зулфухар Ғайыпов.

Нұр-Сұлтан қаласы «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шерзод Пулатов Ұлттық құрылтайдың Жаңа Қазақстанға жасалған басты қадам екенін айтты.

«Кеше ғана Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен басқа да әріптестеріммен бірге ҚР Президенті жанындағы Ұлттық құрылтай құрамына кірдім. Ұлытау облысында оның алғашқы отырысы өтті.

Ұлттық құрылтай Төрағасы, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде біздің басты байлығымыз – халықтың бірлігіне тоқталып, біздің алуан түрлілігіміз мәдени кодымыздың ажырамас бөлігі баға жетпес байлық пен басты артықшылық екенін айтты. Ол сондай-ақ біз үшін «бірлік әралуандықта» қағидатын ұстанудың өте маңызды екенін, тек осылай ғана шынайы демократиялық және әділ мемлекет құра алатынымызды атап өтті.

Жаңадан құрылған Ұлттық құрылтай Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып саналатынын атап өту қажет. Отырысқа қатысып, жұмыстың жаңа форматының куәсі болдым. Іс жүзінде әрбір сөз сөйлеуші өз ұсыныстарын білдірді және одан әрі еркін микрофон арқылы тілек білдірушілер өз пікірі, идеяларымен бөлісті.

Шынымды айтсам, жиынға қатысу арқылы осындай іс-шараларды өткізудегі өзгерістер процесін бақылағаныма өте қуаныштымын және Ұлттық құрылтай – бұл жаңа Қазақстанға жасалған қадам және мәселелерді жалпы халық пен елдің мүддесі үшін шешудің нақты алаңы деп сеніммен айта аламын.

Президентімізге сенім білдіргені үшін қуанамын. Барлық әріптестерімді, Ұлттық құрылтай мүшелерін, оның құрамына бекітілуімен құттықтаймын. Барлығымызға жемісті жұмыс тілеймін», - деді Нұр-Сұлтан қаласы «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласы ҚХА мүшесі, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық құрылтайдың мүшесі Шерзод Пулатов.