Атырау облысында науқастың өліміне себепкер болған екі дәрігер сотталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

Фото ашық дереккөзден

Атырау облысы Құрманғазы аудандық ауруханасының науқасқа көмек көрсетпегені үшін айыпталған екі дәрігеріне қатысты қылмыстық іс қаралып, сот үкімі шықты. Бұл туралы Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәрігерлерге ҚР Қылмыстық кодексі 317-бабының 3-бөлігімен айып тағылған.

«Сот талқылауында мына жайттар анықталды. Стационардың инфекционист дәрігері Ш. және анестезиолог-реаниматолог дәрігері Ж. 2020 жылдың 29, 30, 31 желтоқсанында пневмония және қант диабеті қосалқы ауруы диагнозымен ауруханаға түскен науқас К.-ға тиісті медициналық көмек көрсетпеген. Дәрігерлердің кәсіптік міндеттеріне ұқыпсыз қарауы және оларды тиісінше орындамауы салдарынан науқас қайтыс болды. Сотталушылардың кінәсі жәбірленушілердің, куәлардың, сарапшылардың айғақтарымен, комиссиялық сот-медициналық сараптаманың қорытындысымен өз дәлелін тапты», - деп мәлімдеді Құрманғазы аудандық сотының баспасөз қызметінен.

Прокурор екі сотталушыға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан 3 жыл, бас бостандығынан 2 жыл 6 ай мерзімге айыру түріндегі жаза тағайындауды, сондай-ақ сотталушылар онша ауыр емес қылмыс жасағандықтан, оларды рақымшылық актісі бойынша негізгі жазадан босатуды сұрады. Сот жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде олардың бұрын сотты болмағанын, сотталушы Ш.-ның жас балалары барын ескерді.

«Сотталушылардың әрқайсысының рөлін және жәбірленушілердің пікірін ескере отырып, сот Ш.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазаны, сондай-ақ 3 жылға дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазаны тағайындады. Ж.-ға 2 жыл 6 ай мерзімге дәрігерлік қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 2 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қылмыстық кодекске сәйкес Ш. және Ж.-ның әрекеттері онша ауыр емес қылмыстарға жататындықтан, «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңға сәйкес олар бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазадан босатылды. Сотталғандардан жәбірленушілердің пайдасына 8 млн теңге моральдық залал өтемақысы өндірілді», - деп мәлім етті аудандық соттың баспасөз қызметінен.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.