Каспий теңізінің деңгейі алдағы уақытта да төмендейді

Автор: Әсел Оршыбекова

Соңғы 15 жыл ішінде Каспий маңайында жауын-шашын мөлшері де азайып кеткен

Фото: ашық дереккөзден

Каспий теңізі деңгейінің төмендеу динамикасы 2006 жылы басталған. 2021 жылы бұл көрсеткіш  -28 метр 43 см-ге жетті. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары Серік Сайыров ОКҚ-да өткен брифинг барысында айтты. 

Серік Сайыровтың айтуынша, бұл  қазіргі уақыттағы ең төменгі деңгей. Осы кезеңде теңіздің су бетінің ауданы 23 мың текше шақырымға азайған, оның жартысы Солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігіне тиесілі. 

«Каспий теңізінің негізін қалыптастыратын бұл Волга және Жайық өзендері. Соңғы уақыттағы өзгерістерді айтып өтетін болсақ, 2018 жылы орташа норма 247,4 текше шақырым болса, соңғы жылдары оның көлемі 227 текше шақырымды құрайды. Бұл тек климаттық өзгерістер ғана емес, сонымен қатар адамдардың шаруашылықтағы қызметімен байланысты факторлар. Сондай-ақ, соңғы 15 жыл ішінде Каспий маңайында жауын-шашын мөлшері де азайып кетті. Оның негізгі себебі -  температураның көтерілуі, соның салдарынан буланудың да қарқыны артты. Ғалымдардың айтуынша, Каспийдің суының төмендеуіне осындай факторлар әсер етуде», - деді Қазгидромет» РМК бас директорының орынбасары.

Сондай-ақ, ғалымдардың болжамы бойынша мұндай төмендеу қарқыны алдағы уақытта да жалғасады.