Қазақстанда дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылуға жақын – Экология министрлігі
Бұл туралы Экология, геология және табиғи ресурстар министрі айтты
Қазіргі уақытта Қазақстаннан экспортталатын дәрілік өсімдіктер тізіміне 14 түрі кіреді – бұл мия, ферула, цистанхе, Түркістан сабын тамыры және басқалары. Осылардың реттеусіз қолданылуына байланысты дәрілік өсімдіктердің шикізат қоры таусылудың алдында тұр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Бұл туралы Мәжіліс отырысанда Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев айтты.
«Қазақстанның өсімдіктер дүниесі ағаш-бұта және шөп өсімдіктерінің 6,0 мыңнан астам түрін құрайды. Оның ішінде 1,5 мыңға жуық түрі – дәрілік өсімдіктер (оның ішінде 230 түрі ресми медицинада мойындалған), 390 түрі Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген, 110 түрі – реликті өсімдіктер, сондай-ақ 700-і – эндемикалық өсімдік түрлері. Дәрілік өсімдіктерді бақылаусыз жинау көлемінің өсуіне сыртқы нарықтардағы сұраныстың көбеюі ықпал етеді», - дейді министр.
Оның айтуынша, кедендік статистика деректері бойынша қазақстандық мия тамырын өткізудің негізгі нарығы – Қытай, Түркия және АҚШ. Мысалы, Қытайға 2018 жылдан бастап 2021 жылға дейін 32,7 мың тонна мия тамыры экспортталды. Бұл жалпы Ботаника және фитоинтродукция институты ұсынған мия тамырын нақты өңірлер бойынша дайындау көлемінен едәуір асып түседі.