Былтыр электросамокат тізгіндегендер 70-ке жуық жол апатына түскен

Автор: Azattyq Rýhy

Ал биыл жыл басынан бері 40-тан астам оқыс оқиға болды

Фото ашық дереккөзден

Былтыр электросамокат тізгіндегендер 70-ке жуық жол апатына түскен. Бір адам қаза тауып, 71-і жарақат алды. Ал биыл жыл басынан 40-тан астам оқыс оқиға болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалпы жыл өткен сайын құрылғының бұл түрін қолданушы көбейіп барады. Мәселен, бейресми мәлімет бойынша Алматы қаласында 200 мыңнан астам тұрғын электросамокатпен қатынайды. Енді оның жүру жылдамдығын сағатына 25-30 шақырымнан асырмау керектігі көтеріліп отыр. Осы ретте стандарттау және метрология институтының мамандары құзырлы орган өкілдерімен бірлесіп, ұлттық стандарт жобасын талқылады.

 «Ең көп қолданыста жүрген электросамокаттар Қазақстанға кіргенде техникалық сипатына қарай тексеріледі. Солардың техникалық сипаттамасына сәйкес, олар сағатына қанша шақырым жүре алады. Соның бәрін қарап белгілеп жатырмыз. 30 шақырымнан аспайтын. Жүргізуші куәлік керек пе? Жоқ, керегі жоқ. Сіз веложүргізуші болсаңыз, жүргізуші куәлікті алып жүрмейсіз ғой», - дейді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Жандос Мұраталиев.