Ол ұрланған көлікті бір түнде сатып жіберген
Қарағандыда күзетілмейтін автотұрақтан Volvo жүк көлігін айдап әкетіп, бір түнде оны сатып жіберген ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қарағанды қаласының ПБ Орталық полиция бөліміне қаланың шетінде орналасқан аялдамадан белгісіз адам Volvo маркалы жүк көлігін айдап кеткені туралы хабарлама түсті. Жүк жеткізумен айналысатын Шымкент қаласының 27 жастағы тұрғыны күзетілмейтін автотұраққа көлігін қалдырып, жол бойындағы қонақүйде түнеген. Таңертең тіркемесі бар жүк көлігін таппай қалған.
Жәбірленушінің айтуынша, ұрланған көліктің салонында 3 млн 500 мың теңге ақша мен құжаттар болған. Келтірілген шығын 25 млн 500 мың теңгені құрады.
«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 33 жастағы күдіктіні ұстады. Ол ұрланған Volvo-ны бірден сатып жіберген. Полицейлер сатушыларды анықтап, жәбірленушінің жүк көлігі мен тіркемесін тәркіледі. ҚР ҚК 188-бабымен қылмыстық іс қозғалды», - деп көрсетті Қарағанды облыстық Полиция департаменті.