Шетелдік маман туа бітті жамбас буынының шыққан 12 балаға ота жасады
Әлемге әйгілі балалар ортопеді Марк Эйдельман Нұр-Сұлтанға алғаш рет келді. Профессор №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасы базасында балалар арасындағы туа біткен жамбас буынының шығуы бойынша шеберлік сабағын өткізді. Тренинг аясында отандық және шетелдік дәрігерлер 12 ота жасады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy елорда әкімдігіне сілтеме жасап.
Елордалық клиникада Марк Эйдельман екі жамбасы да шығып кеткен петропавлдық үш жасар қызға ота жасады.
«Біздің бөлімшеде тірек-қимыл аппаратының туа біткен және жүре пайда болған патологиялары бар балалар ем алады. Біз жаңа туғаннан 18 жасқа дейінгі балаларды емдеумен айналысамыз. Тәжірибе алмасу бізге балалар травматологиясын үйлестіруге көмектеседі», - деп атап өтті №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасының балалар ортопедиясы бөлімінің меңгерушісі Ағабек Чикинаев.
Марк Эйдельман «Technion» Израиль технологиялық университетінің профессоры болып жұмыс істейді. Сондай-ақ ол медицина ғылымдарының докторы.
«Израильде мен мұндай жағдайлар бойынша оталар жасамаймын. Себебі біздің елде бұл сирек кездеседі. Шеберлік сабағында өз білімімді әріптестеріммен бөлісіп, шетелде қолданылатын технологияны көрсеткім келді», - деді профессор.