Референдумда 8 млн-ға жуық адам дауыс берді
«АMANAT» партиясының хатшысы Ринат Кертаев референдумды өткізу, оның мән-мағынасын халыққа түсіндіру кезінде «АMANAT» партиясының атқарған жұмысы жоғары болғанын айтты. Ол өзінің Facebook парақшасында жариялаған жазбасында азаматтардың басым бөлігі конституциялық реформаны қолдап дауыс бергенін, рефендумнан кейін көп жұмыс пен үлкен міндеттер күтіп тұрғанын жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ел болып жұмылып референдумды да өткіздік. Халқымыз кеше бірлік пен жасампаз болмысын тағы бір көрсетіп, салиқалы шешім шығарды. Азаматтардың көп бөлігі конституциялық реформаны қолдап дауыс берді.
Алдын ала мәліметтер бойынша дауыс берушілердің 68,06% референдумға қатысты. Бұл 8 млн-ға жуық азамат. Референдумның қорытындысын Президенттің стратегиялық бағытына халықтың көрсеткен қолдауы деп бағалауға болады. Бұл қоғам мен мемлекеттің бет алған бағытының дұрыс екенін көрсетеді.
«АMANAT» – елдегі жүйелі реформалар мен трансформацияны қолдаушы саяси күш. Сол себептен де партия алғашқы күндерден бастап-ақ референдумның мән-мазмұнын халыққа түсіндіру жұмысына бел шешіп кірісті. Ол үшін 1 Республикалық және облыс пен аудан деңгейіндегі 217 аймақтық штаб құрылды. Штаб мүшелері 6 мамыр мен 3 маусым арасында 12 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырып, халықпен кездесті. Түсіндіру жұмыстары бүкіл елімізді қамтып, алыс шалғайдағы ауылдарға дейін жетті. Бұл аманаттықтардың елдегі оң өзгерістерге қосқан тағы бір сүбелі үлесі», - деп жазды Ринат Кертаев.
Сөзін жалғай отырып, референдумнан кейін біз өрлеу жолының алғашқы баспалдағына аяқ басқанымызды, алда көп жұмыс, үлкен міндеттер тұрғанын айтып өтті.
«Референдум – ел ішінде жаңа саяси конструкция жасау мен тарих дәптеріндегі жаңа парақты ашу кезеңі. Саяси трансформация ұлттық жаңаруға, кешенді модернизацияға және мемлекеттің нығаюына ықпал ететіні сөзсіз.
«АMANAT» партиясы осындай тарихи өзгерістердің жүзеге асуына ұйытқы болып, бұл істің алдыңғы шебінде жүр. Референдумнан кейін бұл жұмыстың келесі, жаңа кезеңі де келіп жетті. Алда жаңа белестер тұр», - деді партия хатшысы Ринат Кертаев.