Таразда полиция формасын киген 19 жастағы жігіт ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол бұған дейін ТЖД қызметкерінің формасымен жүргені үшін істі болған

фото: Жамбыл облысы ПД

Таразда полиция формасымен жүрген жігіт қолға түсті. Тәртіп сақшылары анықтағандай, ол бұған дейін ТЖД қызметкерінің формасымен жүргені үшін жауапкершілікке тартылған. Қазір полицейлер оның не себепті мұндай қадамға барғанын анықтап жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тұрар Рысқұлов атындағы саябақтың аумағын патрульдеу кезінде Тараз қаласының Полиция басқармасы 1-полиция бөлімінің қызметкерлері полиция формасындағы күдікті жас жігітті байқаған. Саябақта серуендеп жүрген жігіт тәртіп сақшыларын көріп абдырап қалған.

«Тексеру барысында жалған полицейдің 19 жаста екенін және оның Түркістан облысының тұрғыны екенін анықталды. Ұсталған азаматтың осындай қылмысы үшін 2022 жылдың сәуір айында Шымкент қаласында сотты болғаны белгілі болды. Ол кезде жас жігіт ТЖД қызметкерінің нысанды киімін киген», - деп көрсетті Жамбыл облыстық Полиция департаменті.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 390-бабының 1-бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.