1-сыныпқа құжат тапсырған балалардың 70,5%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған

Автор: Azattyq Rýhy

Салалық министрліктің дерегіне қарағанда жаңа оқу жылында 1-сыныпқа барлығы 400 мыңнан астам қазақстандық бала барады

фото: www.inform.kz

Екі айдың ішінде балаларды 1-сыныпқа қабылдауға 250 мыңнан астам өтініш түсті. Оның ішінде балалардың 70,5%-ы мемлекеттік тілде оқуды таңдаған. Бұл туралы Azattyq Rýhy ҚР Білім және ғылым министрлігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бірінші сыныпқа өтініштерді қабылдау 2022 жылғы 1 сәуірде басталып, 1 тамызға дейін жалғасады. Азаматтарға ыңғайлы болу үшін қызмет автоматтандырылды. Құжаттарды қабылдау egov.kz порталы арқылы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ата-аналардың өтініші бойынша құжаттарды дәстүрлі қағаз форматында да тапсыруға болады.

«Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүріп жатыр. Осы ретте құжаттарды тапсыруда ата-аналардың белсенділігін байқауға болады. Биыл мемлекеттік тілде білім алғысы келетін 1-сынып балалары көбейді. Қазақ тілінде оқитын сыныптарға қабылдаудың ең жоғары көрсеткіші Маңғыстау (91%), Қызылорда (91,5%), Жамбыл (82,2%) және Атырау (80,1%) облыстарында тіркелді», - деді ҚР БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.